Энергетика министрлігі 26 кен орны бойынша пайдалану құқығын аукционға шығарды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Энергетика министрлігі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге кезекті аукцион өткізбек. Аукционға 26 жер қойнауы учаскесі қойылды. 2 ай бойы аукционға қатысуға өтініш қабылданады.

Аукционға www.gosreestr.kz сайты арқылы өтініш беріледі.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды өткізу шарттары мен тәртібіне өзгерістер енген.

Олардың негізгілері мыналар:

  • аукцион өтінім берушінің кепілдік жарнасын төлеуі;
  • егер аукцион жеңімпазы кодекстің 100-бабының 3-тармағында көрсетілген мерзім ішінде қол қою бонусын төлемеген және (немесе) құзыретті органға өз тарапынан қол қойылған келісімшартты ұсынбаған жағдайда, аукцион жеңімпазынан кейінгі қол қою бонусының ең үлкен мөлшерін ұсынған аукционға қатысушыға жер қойнауы учаскесі бойынша келісімшарт жасасу құқығы беріледі.

2021 жылғы 1 желтоқсаннан бастап көмірсутектерді барлау және өндіру құқығына арналған онлайн-аукциондарға қатысуға ниет білдірген әлеуетті шетелдік инвесторлар Қазақстан Республикасының 10 шетелдік мекемесінде (Абу-Даби, Бішкек, Вашингтон, Мәскеу, Нью-Йорк, Санкт-Петербург, Сеул, Стамбул, Прага, Франкфурт-на-Майне) жеке тұлға ретінде «бір өтініш» қағидаты бойынша ЖСН мен ЭЦҚ ала алады.

Шетелдік мекемелердің мекенжайлары мен телефондары ҚР Сыртқы істер министрлігінің сайтында «Қазақстанның шетелдік мекемелері» деген бөлігінде берілген.

Бұған дейін ИИДМ 2023 жылы 25 кен орны бойынша жер қойнауын пайдалануға құқық беретін аукцион өткізілетінін хабарлаған еді.

2022 жылдың басында ел укіметі жер қойнауын пайдаланушыларға берілген келісімшарттар мен лицензияларды қайта қарап жатқаны хабарланған. Осы талдау нәтижесінде уәкілетті органдар міндеттемелерін дұрыс орындамай отырған қатты пайдалы қазбаларға қатысты 148 және көмірсутек шикізатына қатысты 27 келісімшарт анықталған. 

Сондай-ақ оқыңыз