Фото: Асқар Ахметуллин
Қазақстанда медицина мамандарын оқытуға бөлінетін грант санын көбейту қажет. Қазақстан Халық партиясы фракциясы депутаттары осы мәселені көтеріп, ҚР вице-премьері Алтай Көлгіновтің атына депутаттық сауал жолдады.
Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқардың айтуынша, медициналық мамандықты меңгеруге бөлінген мемлекеттік тапсырыс көлемі мемлекеттік медициналық жоғары оқу орындарының оқу үдерісін ұйымдастыру шығынын да өтемейді.
«Барлық медицина студенттерінің 70%-дан астамы оқитын «Жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалавриат грантының құны соңғы рет 2021 жылы қайта қаралды және 1 001 мың теңгені құрады» деді депутат.
Көрсетілген баға 2021-2022 және 2022-2023 оқу жылдарында оқуға түскен студенттерге қолданылады және жоғары оқу орындарының шығынын жаппайды. Себебі бір білім алушыға берілетін білімнің өзіндік құны 2 млн теңгені құрайды. Үшінші және одан жоғары оқу жылының студенттері гранттарының құны 7 жылдан астам уақыт бойы қайта қаралмады. Қазір ол 609 мың теңгені құрайды.
Мәжілісмендер дәрігерді оқыту заңгерді немесе экономисті оқытқанға қарағанда әлдеқайда қымбат деп тұжырымдайды. Оқу сыныптары мен әдебиеттерден бөлек теориялық және практикалық дағдыларды дамыту үшін ғылыми, клиникалық және фармацевтикалық зертханалар, клиникалық базалар, қымбат модельдеу, медициналық жабдықтар және т. б. қажет.
«Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Сізге медицина мамандарын бакалавриатта, интернатурада, магистратурада, резидентурада және докторантурада оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін грант санын ұлғайтуға басымдық беру бойынша шара қабылдауды ұсынамыз», деп жазылған депутаттық сауалда.