ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Иран Ислам Республикасына ресми сапары аясында 24-26 сәуір аралығында Тегеранда еліміздің үшінші сауда-экономикалық миссиясы өтуде. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы ұйымдастырған шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, азық-түлік, химия, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп және металлургия тауарларын өндіретін қазақстандық 20 компанияның, екі елдің бірлескен Сауда палатасының, Иранның Сауда-өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының өкілдері, сондай-ақ ирандық тараптан 150-ден астам компания өкілдері қатысты.
Іскерлік кездесулер нәтижесінде Қазақстаннан Иранға тыңайтқыштар, май өнімдерін, ірі қара және ұсақ мал етін жеткізу бойынша $60 млн-нан астам сомаға экспорттық келісімшарттарға қол қойылды.
ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, 2022 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы $528 млн-ды құрады, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,8%-ға жоғары. Бұл ретте қазақстандық компаниялар орта мерзімді перспективада Иранға жеткізілімдерді одан әрі арттыруға дайын.
Сауда-экономикалық миссия аясында ирандық компаниялар қазақстандық фосфатты тыңайтқыштар, ферроқорытпалар және азық-түлік өнімдерін өндірушілерге жоғары қызығушылық танытты. Өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі дамыту туралы келісімдерге қол жеткізілді.