Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейеді

Жарияланды
Фото: Shutterstock


ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату үшін арнайы заңнамалық өзгерістер әзірледі. Заңанамдағы өзгерістерге сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейеді.

Өзгеріске енген заңнамаға сәйкес енді тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді арыздану сипатынан анықтау сипатына көшіреді. Сонымен бірге тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі қиындай түседі және тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейеді.

«Енді отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады. Қайта қайталанған жағдайда 10 тәулікке қамауға алынады. Ұрып-соғу үшін – 10 тәулікке, қайталанса – 20 тәулікке қамауға алу қарастырылған. Қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін ескерту алынып тасталды, енді тек 10 тәулікке қамауға алынады. Сот белгілеген ерекше мінез-құлық талаптарын бұзғаны үшін айыппұл алынып тасталды, ал қамауға алу мерзімі ұзартылды және 10 тәулікті құрайды», дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров.

Сонымен бірге Ішкі істер министрлігі 2024-2028 жылдарға арналған «Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасының» жобасын әзірлеген. Тұжырымдама қауіпсіз және құқықтық қоғам құру үшін полицияның азаматтармен өзара қарым-қатынасын арттыра түседі.

Енді полиция «билік ету» үлгісінен «қызмет көрсету» үлгісіне көшеді. Яғни, жоба азаматтық қоғам құру мақсатында мемлекеттік басқаруды дамыту тетіктерін ескере отырып әзірленген.

Жобада сонымен бірге сыбайлас жемқорлықтың болмауы, тәртіп пен қауіпсіздік, негізгі құқықтарды қорғау, заңдарды сақтау, сот төрелігі және т.б. қамтитын халықаралық мойындалған құқық үстемдігіне қатысты мәселелер қамтылған.
Бұл түзетулерге Мемлекет басшысы қол қойып, Қылмыстық кодекске өзгерістер 19 мамырда енеді. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер 1 шілдеден бастап заңды күшіне енеді.

Сондай-ақ оқыңыз