Зейнетақы жарналарына есептелген инвестициялық кіріс 336 млрд теңге – БЖЗҚ

Жарияланды
БЖЗҚ
Фото: Ашық дереккөздерден

БЖЗҚ 2023 жылдың 1 сәуіріндегі негізгі көрсеткіштері туралы есебін жариялады.   Ақпаратқа сәйкес, 1 сәуірдегі жағдай бойынша, қор салымшыларының жеке шоттарында 15,4 трлн теңге жинақталған. Жыл басынан бері зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс есебінен ол 736 млрд теңгеден (немесе 5%) астам сомаға өскен.

«2023 жылдың 3 айында зейнетақы жарналарының көлемі 487,4 млрд теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27% артық. Зейнетақы жинақтарының өсуі, сондай-ақ, жыл басынан 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін 336,33 млрд теңгеге жеткен таза инвестициялық кірістің арқасында қамтамасыз етілді. Ол өткен жылдың көрсеткіштерінен 40,5 млрд теңгеге немесе 14% артық» делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, 1 қаңтардан бастап міндетті зейнетақы жарналары есебінен құралған жинақтар 704,5 млрд теңгеге (немесе 5%) өсті.
  Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 477 млрд теңгеге жетіп, 3 айда 7% ұлғайды.

Жыл басынан бері ең көп өсім – 10,7% көрсеткен ерікті зейнетақы жарналары бойынша жинақтардың көлемі 3,9 млрд теңгеден асты.

Жыл басынан бері БЖЗҚ шамамен 98 млрд теңге зейнетақы төлеген. Төлемдердің басым бөлігін жасына байланысты зейнетақы төлемдері  – 36,09 млрд (36,85%) құрады.

Сонымен қатар, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) – 34,4 млрд теңгені (35,1%) құрады.

Айта кету керек, БЖЗҚ-дан жасына байланысты зейнетақы алатындар саны ұлғайды, сонымен қатар зейнетақы төлемдерінің мөлшерін 5% индекстеуге байланысты жыл басынан бергі 3 айда жасына байланысты төлемдер өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға көп болды.

Айта кетейік, БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 32 082 теңгені (өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі орташа айлық төлем – 29 372 теңге), ал ең жоғары төлем сомасы 742 692 теңгені (өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі ең жоғары төлем – 707 326 теңге) құрады.

Сондай- ақ, мұрагерлік бойынша төлемдер – 12,4 млрд теңге, Қазақстаннан шет елдерге тұрақты қоныс аударуына байланысты төлемдер – 8,7 млрд теңге, жерлеуге төлемдер – 1,4 млрд теңге, мүгедектік бойынша төлемдер – 690,6 млн теңге көлемінде жүргізілген.

1 сәуірдегі ақпарат бойынша, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 12,15 млн бірлікке жетті.

Сондай-ақ оқыңыз