Мемлекет ауыз су құнын субсидиялайды

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Су кодексіне сәйкес мемлекет маңызды топқа кіретін және дербес жергілікті сумен жабдықтау жүйелері арқылы таратылатын таза су қызметтерінің құнын ішінара субсидиялайды. Бұл жайлы ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы мәлімдеді.

Оның дерегінше, жергілікті атқарушы органдар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тарифтеріне байланысты 1 текше метр ауыз судың бағасын реттейді. Осы арқылы тариф пен төлем мөлшері арасындағы айырмашылықты мемлекет субсидиялайды.

Елімізде бір адамға субсидиялаудың нормативтік шектеуі белгіленген. Ол тәулігіне 140 литрге дейін. Егер, суды тұтыну көлемі белгіленген нормадан асып кеткен жағдайда кез келген азамат оның ақысын тариф бойынша толық төлеуге тиіс болады.

Сондай-ақ, Министрлік өкілінің дерегінше, 2025 жылдың соңына дейін Маңғыстау өңірінде тәулігінен 100-110 мың текше метрді құрайтын су тапшылығы болуы мүмкін.

« Бұл мәселені шешу үшін Маңғыстау өңірін дамыту бойынша кешенді жоспар қабылданды. Кешенді жоспарға сәйкес 9 су тұщыландыратын зауыт салу жоспарланған», деді министрлік өкілі.

Маңғыстау облысында су құбыры жүргізілген, бірақ тұщы су – тапшы. Бұл өңір халқы негізінен Астрахань-Маңғышлақ су құбыры арқылы тұщыланған теңіз суы арқылы қамтамасыз етіледі. Олардың жиынтығы тәулігіне 164 мың текше метрді құрайды. Ал жазғы кезеңде ауыз су тапшылығы күніне 50 мың текше метрге дейін жетеді. Осы тапшылықтың алдын алу мақсатында министрлік тарапынан Ақтау қаласында Каспий су тұщыландыру зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін арттыру жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Ал Форт Шевченко қаласында 5 мың текше метрді құрайтын тұщыландыру зауытының құрылысына 4,2 млрд қаражат бөлінсе, Қаражамбаста инвесторлардың қаражатына қуаттылығы 17 мың текше метрді құрайтын зауыт құрылысы аяқтала бастаған. Сонымен бірге Ақтау қаласында қуаты тәулігіне 24 мың текше метрді құрайтын зауыт құрылысына да мемлекеттен қаражат қарастырылған.

Министрлік өкілдері 2025 жылға қарай халық ауыз сумен 100 пайыз қамтылатын мәлімдеді.

Кеше Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров  биыл жазда электр қуаты мен су, жылу бағасы қымбаттайтынын айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз