Заң әзірленіп жатыр: Әділет министрлігі депутат Ермұрат Бапидың сауалына жауап берді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Әділет министрлігі депутат Ермұрат Бапидың депутаттық сауалына жауап берді. Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың айтуынша, шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң жобасын Әділет министрлігі әзірлеген.

«Қазір заң жобасы құқық қорғау және мемлекеттік органдармен жан-жақты талқыланып жатыр. Алдағы уақытта заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланады. Қоғам оны талқылап, пікір білдіре алады. Заң жобасын дайындау бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Мәселе ауқымды. Сондықтан оны жан-жақты талқылау қажет. Уақыт керек», – деді ол Сенат кулуарында.

Сондай-ақ вице-министр заң жобасының «Ашық НҚА» порталында қашан жарияланатынын нақтыламады.

Айта кетейік, бұған дейін Ермұрат Бапи премьер-министр мен Бас прокурордың атына сауал жолдаған.

«Біз ұрланған активтерді қайтару туралы заңды бірінші кезекте қабылдауды басты мақсат етіп отырмыз. Осы заңның арқасында біз капиталды қайтаруды неғұрлым тиімдірек бақылауға аламыз», – деді ол.

Депутат премьер-министрден төмендегі сұрақтарға жауап беруді сұрады.

«Әлихан Асханұлы, сіз үкімет басына жаңадан келген басшы емессіз, бұған дейінгі министрлер кабинетін басқардыңыз. Ендеше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурызға дейін дайын болсын деп Үкіметке тапсырған заң жобасын дайындау ісі созылып кеткенін сіз қалай түсіндіресіз?», – деді Ермұрат Бапи.

Сондай-ақ оқыңыз