Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі компания жолға бөлінген миллиардтаған қаржыны жымқырған

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Жолға бөлінген миллиардтаған қаражат желініп кеткен. Еліміздің құқық қорғау органдары «Қалбатау-Майқапшағай» және «Қарағанды-Балқаш» автожолдарына бөлінген қаржыны жымқыру фактісін тексеріп жатыр. Тек «Қалбатау-Майқапшағай» жобасы бойынша «ҚазГерСтрой БК» ЖШС 21,4 млрд теңге аванстың едәуір бөлігін басқа мақсаттарға, оның ішінде кредит төлеуге жұмсаған. Ол үшін мердігер күдікті капитал шығару схемаларын қолданған. Бұл туралы Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалық етуімен автомобиль жолдары саласындағы тексеру нәтижесіне арналған алқа отырысында айтылды.

Ұзындығы 800 км-ден асатын бұл жол учаскелерін шетелдік қатысуы бар консорциумдар сыртқы қарыз қаражаты есебінен салып жатыр. Соның шеңберінде «ҚазГерСтрой БК» ЖШС (Қ.Сатыбалдыұлы құрылымдарымен байланысы бар) жұмысты бірлесіп орындаушы ретінде тартылған.

Прокурорлардың кешенді тексеруі нәтижесінде көптеген заң бұзу анықталған: тапсырыс берушілердің орындалмаған жұмысқа ақы төлеуі, сметалық құнды асыру, жобалардан ауытқу, құрылыс нормаларын сақтамау деректері және т.б. бар.

egov.kz мәліметі бойынша, 2004 жылы тіркелген компанияның құрылтайшысы – Bereke Astana Group ЖШС. Ал бұл серіктестікке Нұрсұлтан Бауыржан Қайратұлы мен Айдар Лазаров иелік етеді. Нұрсұлтан Бауыржан – жақында 6 жылға сотталған Қайрат Сатыбалдының ұлы.

Компанияның негізгі қызметі тұрғын үй құрылысы, дайын бетон өндірісі, битум және ұқсас материалдардан бұйымдар өндіру, саз және каолин алу, қиыршық тас және құм шұңқырларын игеру деп көрсетілген.

Қазіргі кезде тексеру материалдары бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, залалды өтеу шаралары қабылданып жатыр. Берік Асылов пен  Роман Скляр жауапты лауазымды тұлғалары бекітілген 2023-2024 жылдарға арналған Жол картасына қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз