Серік Күдебаев Түркияда ұсталды – Берік Асылов

Жарияланды
Серік Күдебаев

Әлеуметтік желілерде Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Бас прокурар Берік Асылов бұл ақпаратты растады.

Оның айтуынша, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев Түркияда ұсталған.

«Серік Күдебаевтың ұсталғаны рас па?» деген сауалға Берік Асылов «иә» деп жауап берді.

«Оны қай қалаға алып келді», деген журналистер сауалына, Бас прокурор «оны қазір нақты айта алмаймын», деп жауап берді.
«Қай елден алып келді?», деген сауалға «Түркиядан алып келді» деп жауап берді.

Айта кету керек, Бас прокуратураның баспасөз қызметі бұл туралы ресми мәлімдеме таратқан жоқ.

 Серік Күдебаев Қаңтар оқиғасынан кейін істі болды. Оған сот үкімі 2023 жылдың 3 сәуірінде Талдықорғандағы сотта шығуы керек болған.
Алайда ол бірнеше рет сот отырысына келмегендіктен, қылмыстық істі тоқтатып, оған халықаралық іздеу жариялау сұралды.

Бұдан бұрын, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев елден тау арқылы қашып кеткен болуы мүмкін екенін мәлім еткен болатын.  

Сондай-ақ оқыңыз