Қазақстан кәсіпорындарында жыл сайын 1500-ден астам жазатайым оқиға тіркеледі

Жарияланды

Фото:kursiv.media

Қазақстан кәсіпорындарында 1500-ден астам жазатайым оқиға тіркеліп, оның 200-ге жуығы өліммен аяқталады. Дегенмен, кейінгі 5 жылда өндірістік жарақат алу көрсеткіші 6,5%-ға төмендеген. Ал өндірісте жүмыс барысында қаза тапқандар қатары 8,4%-ға азайған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Экономика салалары бойынша алсақ, жазатайым оқиғалардың басым бөлігі тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 16,2%, құрылыс саласында 15% кездеседі.

«Қазіргі кезде 386 мыңнан астам жұмыскерлер  зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеп жүр. Шу мен діріл деңгейінің жоғарылауы жағдайында әрбір екінші (46,8%), жұмыс аймағының газдануы мен шаңдануының жоғарылауы әрбір үшінші (33,2%) және қолайсыз температура режимінде әрбір алтыншы (16,7%) адам жұмыс істейді. Ауыр дене еңбегімен 102,7 мың (6,1%) жұмысшы айналысады», деді Еңбекмин.

Халықаралық еңбек ұйымының деректері еңбекті қорғау саласындағы ауқымды проблемалар бар екенін байқатты: әлемде жыл сайын 270 млн-ға жуық жазатайым оқиға және 2 млн-нан астам адамның өмірін қиған 160 млн кәсіби ауру тіркеледі.

Министрлік мәліметінше, 2022 жылы 680 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін түрлі өтемақы алған. Осы мақсаттарға жұмыс берушілер 207,6 млрд теңге бөлді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 24% – ға артық.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін 119 лауазымды адам атқаратын лауазымынан босатылған. Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар бойынша 1094 материал жіберілді, олар бойынша 192 қылмыстық іс қозғалды. Жұмыс орындарында еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында 7061 өндірістік объектіні аттестаттау өткізілді», делінген хабарламада,

28 сәуірде атап өтілетін  Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің биылғы тақырыбы – «Қауіпсіз және салауатты жұмыс ортасы – еңбек саласындағы негізгі қағидат пен құқық».

Сондай-ақ оқыңыз