Криптомайнерлердың әрекетінен жыл сайын ауаға 3 мың тоннаға дейін көмірқышқыл газы тарайды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

2022 жылы криптовалюта майнингі үшін 200 миллионнан астам бөтеннің «құрылғысын» пайдалану әрекеті жасалған. Салдарынан атмосфераға 3 мың тоннаға дейін көмірқышқыл газы шығарындылары тараған. Салыстырмалы түрде жылына шамамен осындай көлемдегі шығарындыларды 652 автомобиль шығарады екен. Өткен жылы осындай заңсыз 202 540 954 әрекет бұғатталған. Бұл туралы «Kaspersky» зертханасының мамандары мәлім етті.

Сарапшылардың дерегінше, криптовалюталар майнингі – бұл энергияны көп қажет ететін процесс. Криптовалютаны өндіруге жұмсалатын энергия шығындары өсіп келе жатқандықтан, жасырын майнинг, яғни серверде, компьютерде, смартфонда арнайы БҚ-ны іске қосу арқылы басқа адамдардың ресурстарын иесінің рұқсатынсыз пайдалану кең таралуда.

«Көптеген адамдар жасырын криптовалюта майнингі олардың құрылғылары үшін қаншалықты қауіпті екенін түсінеді, бірақ бұл қауіптің қоршаған ортаға тигізетін кері әсері туралы көпшілігі біле бермейді. Майнингке неғұрлым көп энергия жұмсалса, көмірқышқыл газы және басқа да зиянды заттар атмосфераға соғұрлым көп шығарылады», — дейді «Kaspersky»-дің тұрақты даму жобаларының жетекшісі Мария Лосюкова.

Сондықтан, сарапшылар кез-келген адам киберқауіпсіздікке мән беруі керек екенін ескертеді.
Егер, құрылғыңыз (телефон, компьютер) баяу жұмыс істеуді жиілетсе, бұл криптомайнердің шабуылының белгісі болуы мүмкін. Сондай-ақ, құрылғы себепсіз қатты қызатын болса да біреу қашықтан оны қолданып отыруы мүмкін екенін ескертеді, сарапшылар.

Жалпы, өнеркәсіптік қалалардағы ауаның ластану деңгейі бес жыл бұрынғыдай жоғары. 2022 жылы Қазақстан ауасы ең ластанған 50 елдің қатарына енді. Швейцариялық IQAir компаниясының ауа сапасы жөніндегі есебінде еліміз 131 елдің ішінде 40-орында тұр.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық мониторинг жүргізіп, нәтижесінде еліміздің 8 қаласында атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейге көтерілгенін анықтаған. Олар – Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш және Өскемен қалалары.

Сондай-ақ оқыңыз