Жаңалықтар

Stanford University профессорлары дайындаған тегін 13 онлайн-курс

Фото: shutterstock.com

Әлемнің алпауыт университеттерінде білім алу үшін үйден шықпай-ақ, онлайн оқуға болады. Ақылы ғана емес, тегін курстар да бар. Бүгінгі материалымызда Stanford University профессорларының сабақ алуға мүмкіндік беретін онлайн-курстар мен пайдалы сілтемелер топтамасын ұсынғымыз келіп отыр.

Science Writing. Аты айтып тұрғандай, ғылым тілінде түсінікті, жылдам және жетер жеріне жеткізіп жазу өнеріне баулиды. Мынадай тақырыптар бар: ғылым тілінде жазу қағидалары, ғылыми қолжазба форматы, ғылыми басылымдағы этика мәселелері және жалпы аудитория арнап жазу. Профессор — Кристин Сайнани.

Introduction to Mathematical Thinking. Математиктер қалай ойланады? Мыңдаған жыл бойы дамып келе жатқан танымдық процесс жайлы мол ақпаратқа кенелесіз. Мектепте оқылатын математикада стереотиптік есептерді шешу үшін оқу процедураларына көбірек мән береді. Ал кәсіби математикада мамандар күнделікті өмірден не ғылымнан туындауы мүмкін нақты есептердің шешілу жолын ойластырады. Яғни біздің мектептегі математикамыз құдды ойымызды қорапқа салып қойғандай салады. Ал сол таптаурыннан тыс ойлау — математикалық ойлау негізі. Профессор — Кейт Девлин.

Game theory. A Beautiful Mind немесе «Игры разума» фильмін көрген бе едіңіз? Сол жерде айтылатын ойын теориясы дегеніміз — рационал және иррационал агенттер арасындағы стратегиялық байланыстың математикалық үлгісі. Курсты оқыған соң бәсекелес фирмалар қақтығыстарын қарастырып, осы математикалық модельдеу тәсілінің негіздерін үйренесіз. Профессорлар: Мэтью Джексон, Кевин Лейтон-Браун, Йоав Шохам. 

Understanding Einstein: Special Relativity. Мұнда Энштейннің ғылыми идеяларын қалай туғаны жайлы қызық формада түсіндіріледі. Салыстырмалылық теориясының мәні неде? Осы сауалдарға университет профессоры Ларри Рэндс Лагерстром жауап беріп, бағыттайды.

Supervised Machine Learning: Regression and Classification. Курста заманауи машинаны үйрету негіздері жайлф айтылады. Оның ішінде оқытушымен бірлесіп логистикалық регрессия, нейрон желілері де қарастырылады. Силикон алқабында қолданылатын біршама тәсілдер айтылады. Профессорлар: Эндрю Нг, Аарти Багул, Джеов Людвиг, Эдди Шю.

Computer Science 101. Бұл — өздігіңізбен оқуға арналған, мүлдем тәжірибесі жоқ аудиторияға бағытталған курс. Компьютер ғылымының негізгі идеялары айтылады. Бір қарағанда компьютер өте күрделі әрі қиын болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де, шын мәнінде компьютерлер қарапайым схемаларға негізделеді.

Principles of Economics. Бұл курс экономиканы зерттеуге кіріспе ретінде құрастырылған. Қатысушылар экономикалық ойлау тәсілімен танысады және заманауи нарықтық экономиканың жұмыс істеуі туралы біледі. Өндіріс, нарық, инфляцияның не екені түсінікті тілде жеткізіледі.

Designing for Change: Environmental Education Research and Practice. Қоршаған ортаға қатысты жасалған зерттеулер туралы курс. Кейінгі ғылыми жұмыстар, оларды қайдан табуға болады, кәдеге қалай жарата аламыз? Осы сауалдарға жауап аласыз.

Statistical Learning. Статистикамен қалай жұмыс істеу керек? Оның негізгі түсініктері мен модельдері қандай? Қиын терминдермен емес, қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізіледі.

Intro to Artificial Intelligence. Бұл курс қазір өте керек. Себебі жасанды интеллект технологиясының негіздерін таныстырады. Машинаны үйрету, робототехника жайлы да айтылады.

Introduction to Food and Health. Артық салмақпен күрес, 2 типті қант диабеті мәселесі бүгінде күйіп тұр. Бұл ретте курс авторлары дұрыс тамақтануды насихаттаудың инновациялық стратегияларын зерттеуге шақырады. Тамақты үйден істеп ішудің қандай маңызы бар? Жеп жүрген тамақтан қандай созылмалы ауруларға шалдығуымыз мүмкін? Осы сауалдың бәріне ғылымға негізделген анық жауап ала аласыз.  

Stanford iTunes U. Stanford University профессорларының лекциялары мен видео-контенттері осы жерде жинақталған.

Stanford University. Бұл каналда университет өмірі жайлы мол ақпарат алуға болады. Соның ішінде жаңа зерттеулер, талқыларды да көре аласыз. Одан бөлек, студенттердің сөйлеген сөздері, әлем мәдениеті мен технологиялар туралы шолу да шығып тұрады.