АҚШ-та First Republic Bank жабылды

Жарияланды
Фото: Shutterstock

Америкалық қаржы реттеушісі First Republic Bank-ті жапты. Оның активтерінің негізгі бөлігі мен депозиттері JPMorgan Chase & Co банкіне сатылды. Бұл туралы Интерфакс жазады.

First Republic Bank-тің банкроттығы 2008 жылғы дағдарыстан бері АҚШ-тың қаржы жүйесіндегі ең ірі оқиға.

Мәміле нәтижесінде First Republic клиенттерінің жалпы сомасы шамамен 92 миллиард долларлық депозиттері JPMorgan-ға өтеді, оның ішінде сақтандыру жөніндегі Федералды корпорацияда (FDIC) сақтандырылған және сақтандырылмаған да депозиттер бар.

Бұл сомаға First Republic наурыз айында АҚШ-тың 11 ірі банкінен депозиттер түрінде алған 30 миллиард доллар кіреді, делінген JPMorgan баспасөз хабарламасында. Бұл қаражат мәміле жабылғаннан кейін салымшыларға қайтарылады.

Сонымен қатар, JPMorgan First Republic активтерінің басым көпшілігін, оның 173 миллиард долларлық несие портфелін және 30 миллиард долларлық бағалы қағаздарды сатып алады.

Келісім шеңберінде FDIC JPMorgan-мен First Republic берген тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлік бойынша ипотекалық несие шығындарын бөледі. Сонымен қатар, реттеуші JPMorgan-ға шектеулі пайыздық мөлшерлемемен бес жыл мерзімге 50 млрд доллар қаржыландыруды ұсынады.

FDIC сақтандыру қорының First Republic-тің күйреуіне байланысты шығындары шамамен 13 миллиард долларды құрайды деп күтеді, делінген реттеушінің хабарламасында.

Наурыз айында Silicon Valley Bank жабылғаннан кейін, 2022 жылдың аяғында АҚШ-тың ең ірі банктері арасында 14-ші орында тұрған First Republic-тен клиенттер 100 миллиард доллардан астам депозиттерін алып кеткен.

13 сәуірдегі жағдай бойынша First Republic активтері 229,1 миллиард долларды құрады, деп атап өтті FDIC.

АҚШ-тың банк жүйесі тарихындағы ең ірі банкроттық 2008 жылы болған. Активінің құны 307 миллиард доллардан асатын Washington Mutual- жабылған еді, ол кезде де оның активтерін JPMorgan да сатып алған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз