Автонесие беру бағдарламасына өзгерістер енгізіледі

Жарияланды

Автонесие беру бағдарламасына өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев хабарлады.

Оның айтуынша, қазір бұл бағдарлама бойынша бірнеше мәселе бар.

«Біріншіден, біз әр айда қайтарылған қаржы есебінен қосымша автонесиені жүзеге асырамыз дедік. Бірақ айына шамамен 1 млрд теңге қайтарылып отыр. Ол 100 көлікке жетеді. Осы уақытқа дейін шамамен 4 млрд теңге қайтарылды. Ол ең көп дегенде 400 көлікке жетеді. Бағдарлама жарияланғанда шамамен 5 млрд теңге қайтарылған соң, қайта басталуы керек», – деді министр Үкімет отырысынан кейін.

Министр автонесие бағдарламасына алғашқы жарна енгізу мәселесі де қаралатынын да айтты.

«Екіншіден, бұрын бастапқы жарна болмайтын. Ол бойынша 10% бастапқы жарнаны енгізуді қарастырып отырмыз. Үшіншіден, көліктің құны 15 млн болса, 10 млн теңге несие берілетін. Оны да төмендетуді әрі көбірек көлік беруді қарастырамыз», – деді Қарабаев.

Сондай-ақ белгілі бір жалақысы бар адамдарға шектеу енгізу көзделіп отыр. Белгіленген шекті жалақыдан асып кетсе, көлік ала алмайды.

«Осылайша, мұқтаж жандарға арнап жасаймыз. Осыған дейін көлік алған адамдардың орташа жалақасына қарап белгілейміз. Қазір қанша екенін айта алмаймын. Осы өзгерістерді бір айда енгізіп, аяқтауды көздейміз», – деді Марат Қарабаев.

Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамырында басталды.

 Оны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерге («Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Еуразиялық Банк» АҚ) 100 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 12,6 мыңнан астам автомобиль сатып алынды. Автокредиттің орташа мөлшері 7,8 млн теңгені құрады.

Сол жылы шілде айында бағдарламаға бөлінген қаржы таусылғандықтан, банктер өтініш қабылдауды уақытша тоқтатты.

Биыл арнайы платформа құрылып, 6 ақпан күні 4 пайыздық жеңілдетілген несиеге autonesie.kz сайтында өтінім қабылданған. Бұл жолы банктер пулға қатысушылардан 5,171 млрд теңге сомаға 569 өтінімін мақұлдады

Сондай-ақ оқыңыз