Жаңалықтар

Дәрілік рецепттер QR-код арқылы беріледі

Фото: kursiv.media

Алдағы уақытта дәріханалардан дәрі алу QR код арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл жайлы Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев айтты.

«Азаматқа рецепт жазылады және ол eGov Mobile-да қол жетімді. Содан кейін пациент дәріханаға барып, QR кодын ұсынады. Фармацевт ақпаратты қолмен енгізудің орнына QR кодын сканерлеп, рецепт бойынша дәрі береді. Пилоттық жоба Астана қаласының емханаларында іске қосылды», дейді вице-министр.

2022 жылы Денсаулық сақтау министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, egovMobile мобильдік қосымшасында «eDensaulyq» сервисін іске қосқан. Ол қосымша мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейген. Онда азаматтардың донорлық мәртебесі, электрондық рецепттер, медициналық қарсы көрсетілімдер, жүкті әйелдерді есепке алу және диспансерлеу, емдеуге жатқызу, зертханалық зерттеулер нәтижелері және аурухана парақтары бойынша кеңейтілген ақпарат қамтылған.

Сонымен бірге министрлік өкілдері дәріханалардың GPP – халықаралық стандарттарына көшу мәселесі туралы да айтты. Бұл орайда министрлік өкілдері фармбизнеске айтарлықтай уақыт берілгенін биыл ол стандарттарға көшу осы жылы міндеттелетінін айтты.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметнияз:

«Дәріханалар GPP стандарттарына көшіріледі. Бұл стандартқа 2015 жылы көшу керек болған. Дайын болмаған соң 2018 жылға ауыстырдық. Ол кезде де дайын болмаған соң, 2023 жылға шегерген едік. Ал биыл бұл талап міндеттеледі. Бұл стандарттар барынша жеңілдетілді. Стандартқа сәйкес, әр дәріханада дәрігер кабинеті болуы тиіс еді. Біз мұны алып тастадық. Одан басқа да көп шығын келтіретін міндеттемелер алынды. Бүгінгі таңда 10500 аптеканың ішінде тек 8 пайызы ғана GPP халықаралық стандартын енгізді. Біз талдау жүргізе келе, бұл стандартқа көшудің шығыны сондай көп емес екенін анықтадық. Бұл халықтың қауіпсіздігі үшін керек. Халықаралық стандарттарды енгізу – дәрі пайдалануды қауіпсіз, тиімді әрі оңтайлы етеді» дейді