«Дипломатиялық жеңіс»: СІМ Қытаймен арадағы визасыз режимді түсіндірді

Жарияланды

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режимге қатысты сұрақтарға жауап берді.

«Кейінгі кездері Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режимге қарсы пікірлер айтылып жатыр. Ол орынсыз. Себебі, келісімге қол қойылмады. Келісімге қол қойылса ғана ол күшіне енеді. Былтыр жаздан бері Қытай азаматтары Қазақстанға 14 күнге визасыз келе алады. Қазақстан көшелерінде Қытай азаматтары көп жүрген жоқ. Енді 14 күнге келетін азаматтар 30 күнге келе алады. Қазақстанға ұтымды жағы да бар. Егер келісімге қол қойылса, Қазақстан азаматы тура солай Қытайға 30 күнге визасыз кіре алады. Мысалы, біздің туристер Біріккен Араб Әмірліктеріне, Түркияға, Оңтүстік Кореяға және басқа да елдерге визасыз бара алады. Осылай тура Қытайға баруға болады», – деді Айбек Смадияров.

Айтуынша, 30 күнге туристік немесе іскерлік мақсатта баруға болады. Егер визасыз жүрген адам Қазақстан не Қытай азаматы екеніне қарамастан, барған елінде жұмыс істей алмайды. Егер азаматтың екінші елде жүргеніне 30 күннен аса, ол міндетті түрде жазаланады.

«Визасыз режим арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк көлігі жүргізушілері екінші елге визасыз кіре алады. Бұл біраз мәселені шешеді. Қос ел арасындағы сауда-саттық өсіп, өңіраралық ынтымақтастық нығаяды, экономикамызға әсер етеді. Егер шекараны жауып тастасақ, эффект басқаша болады. Шекараны ашқаннан кейін жұмыс істеуіміз керек. Қытай – алпауыт экономикасы бар мемлекет. Орталық Азияда Қытаймен визасы режим орнатқан жалғыз мемлекетпіз. Мұны біз дипломатиялық жеңіс деп есептейміз», – деді Смадияров.

Айтуынша, бұл келісімге мамырда қол қойылады. Содан кейін келісім күшіне енеді.

Сондай-ақ оқыңыз