Жаңалықтар

Қазақстан банктерінің активі 45 трлн теңгеге жетті

Наурыз айында Қазақстан банк секторының активтері 2,2%-ға немесе 967 млрд теңгеге көбейіп, 45,0 трлн теңгені құрады. 2023 жылғы наурызда активтер өтімді активтердің 2,7%-ға немесе 512 млрд теңгеге артуы нәтижесінде өскен. Бұл дерек ҚНРДА-ның қаржы нарығы туралы шолуында келтірілген.

Өтімділігі жоғары активтер 13,6 трлн теңгені немесе активтердің 30,1%-ын құрап, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде еліміздің банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның 12-сі шетелдік құрылымның қатысуымен, оның ішінде 8-і еншілес банк.

2023 жылғы наурызда екінші деңгейдегі банктерден экономикаға берілген кредиттер 1,1%-ға 23,2 трлн теңгеге дейін өсті (жыл басынан бері 1,5%-ға өсу). Жоспарлы өтеу нәтижесінде ұлттық валютадағы кредиттер 1,4%-ға 21,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер 2,5%-ға 1,7 трлн теңгеге дейін азайды.

Заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2023 жылғы наурызда корпоративтік теңгемен берілген кредиттердің өсуі есебінен 0,3%-ға 8,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы наурызда 0,8%-ға 9,6 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 0,5%-ға төмендеу). ШОБ субъектілеріне қарыздар 1,6%-ға 6,0 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 0,1%-ға өсу), ірі бизнеске берілген қарыздар 0,6%-ға 3,6 трлн теңгеге дейін төмендеді (2023 жылдың басынан бері 1,3%-ға төмендеу).

2023 жылғы наурызда бизнес субъектілеріне 1,1 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берілген, бұл 2023 жылғы ақпанмен (930 млрд теңге) салыстырғанда 22,9%-ға артық.

Жеке тұлғаларға берілген кредиттер 14,6 трлн теңгені құрап, 2023 жылғы наурызда 1,6%-ға өсті (2023 жылдың басынан бері 3,3%-ға өсті). Жеке тұлғаларға берілген кредиттер тұтынушылық  қарыздардың 2,0%-ға 7,9 трлн теңгеге дейін өсуіне байланысты ұлғайды. Бұл ретте есепті айда қолданыстағы қарыздарды ірі өтеу нәтижесінде ипотекалық қарыздар 0,3%-ға (141 млрд теңге) 4,8 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Несие портфелінің сапасы тұрақты болып қалды. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар (NPL90+) деңгейі жалпы несие портфелінің 3,4%-ын немесе 847 млрд теңгені құрады (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 3,4% немесе 815 млрд теңге).

ШОБ есептегендегі заңды тұлғалар портфелінде NPL90+ деңгейі 3,0%-ды немесе 320 млрд теңгені, жеке тұлғалар портфелінде 3,9%-ды немесе 527 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 80,6%-ды құрайды.

Ағымдағы жылғы наурызда банктердің меншікті капиталы 1,2%-ға 5,7 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 8,7%-ға өсті). 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,5%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 22,6%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2023 жылғы наурызда банк секторының міндеттемелері 2,3%-ға 39,3 трлн теңгеге дейін өсті. Ағымдағы жылдың басынан бері банктердің міндеттемелері 0,03%-ға аздап өсті.

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2023 жылғы наурызда 3,0%-ға 30,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Заңды тұлғалардың депозиттері 4,3%-ға 15,0 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғалардың депозиттері 1,8%-ға 15,7 трлн теңгеге дейін өсті.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылғы наурызда 3,7%-ға 21,6 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы депозиттер 1,3%-ға 9,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде долларлану деңгейі төмендеді және 2023 жылдың басындағы 31,6%-бен салыстырғанда 2023 жылғы 1 сәуірде 29,8%-ды құрады.

ҚНРДА былтыр алғаш рет банк секторы активтерінің сапасын тұрақты бағалау (AQR) жүргізген еді. AQR жүргізу барысында сомасы 15,2 трлн теңге болатын 19 млн займға, соның ішінде 1,4 мың ірі қарыз алушыға талдау жасалған.

AQR биыл да өткізіледі. Оған елдің банк секторындағы активтердің 84 пайызын, қарыз портфелінің 85 пайызын еншілейтін 11 банк қатысады деп күтіліп отыр. Агенттік мәліметі бойынша, бұл шара екінші деңгейлі банктердің дерек жинау жүктемесін төмендетіп, операциялық қателіктер тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді. Дәстүрлі AQR биыл наурыз бен тамыз аралығында өткізілмек. Ол 4 кезеңнен тұрады. Сәуірден шілдеге дейінгі аралықта – индивидуалды займдарға талдау жасалады, шілдеде – капитал жеткіліктілігі есептеледі.