Фото: kursiv.media
Сәуір айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларына тең валюта сатылған. Ұлттық қордан сатылған валюта үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 20%-ын және күніне 30 млн АҚШ долларынан аспады, деп хабарлайды ҰБ баспасөз қызметі.
«Мамыр айында Ұлттық қордан валюта көлемі Қаржы министрлігінің республикалық бюджетке трансферттер бөлуге арналған өтінімдеріне байланысты болады. Қаржы министрлігінің қолда бар болжамды бағдарларының негізінде қажетті трансферттердің сомасы бойынша мамыр айында Ұлттық Банк Ұлттық қордан 750 млн АҚШ долларынан 800 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды жоспарлайды. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін мамыр айында 200 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу күтіледі», делінген хабарламада.
Ал наурыз айында ҰБ Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт қамтамасыз ету үшін 721 млн АҚШ долларын сатқан. Былтыр осы мақсатта Ұлттық қордан 4,3 млрд доллар мөлшерінде валюта сатылған болатын.
Сонымен қатар, сәуір айында теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 453,21 теңгеге дейін, 0,1%-ға әлсіреген. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 164 млн АҚШ долларынан 152 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Жалпы сауда-саттық көлемі 3 млрд АҚШ долларын құрады.
Ұлттық Банк сәуір айында валюталық интервенция жүргізген жоқ.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен айда шамамен 295 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында дербес сатады.