Қазақстан француздармен атом энергетикасы мәселесін талқылады

Жарияланды

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Француз тарапы Қазақстанда бірінші АЭС салу жобасын іске асыру, сондай-ақ шағын модульдік реакторларды дамыту перспективаларын зерделеу бойынша ынтымақтастыққа дайын. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Францияның Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтары мәселелері жөніндегі делегат – министрі Оливье Бештпен кездесіп, Қазақстанда атом энергетикасын дамытуды талқылады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлайды.

«Кездесу барысында министрлер өз үкіметтерінің энергетикалық ауысу және жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы міндеттемелерін қозғап, жаңартылатын энергия көздерін дамыту Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық қатынастарды нығайта отырып, көміртексіздендіру кешенді мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететінін атап өтті», делінген хабарламада.

Сондай-ақ министрлер осы ынтымақтастықтың негізін қалайтын «Мирный» жобасындағы (Мирный кентінде 1 ГВт ЖЭС салу жөніндегі жоба) соңғы ілгерілеулерді, атап айтқанда, 2023 жылғы 29 сәуірде ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «TotalEren» арасында қол жеткізілген келісімді құптады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ауқымды «Мирный» жобасын іске асыру шеңберінде электр энергиясының тарифіне қатысты қол жеткізілген уағдаластықтар бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Қазақстан 2032 жылға дейін АЭС салуға ниетті. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында  Қазақстанда  АЭС салынатын жер анықталғанын айтып өтті.

2022 жылдың маусым айында Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария етті. 

Былтыр қыркүйекте «Самұрық-Қазына» АҚ АЭС салуды ірі 16 инвестициялық жоба қатарына енгізіп, Қазақстандағы АЭС құрылысы 2032 жылы аяқталуға тиіс деп мәлімдеген болатын.

Жыл басында министр Болат Ақшолақов Қазақстанда салынатын АЭС-қа реакторлық технология биыл таңдалатынын айтты.   

Бұған дейін Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі жоспар бойынша Қазақстанда 2,4 ГВт атом қуаты салынатынын хабарлаған болатын.

Атом қуаты халықаралық агенттігінің мамандары Қазақстанға келіп, 27 ақпан-3 наурыз аралығында еліміздің атом-энергетика инфрақұрылымына инспекция жүргізді. Миссия шеңберінде Қазақстанның ядролық-энергетикалық инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде бірінші АЭС салу жөніндегі мәселелердің кең спектрін қамту жоспарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз