Жаңалықтар

Депутаттар Ресейге қарсы сакцияны бұзған қазақстандық компанияларды жария етуді сұрайды

Фото: www.shutterstock.com

«Ақжол» партиясының депутаттары Ресейге салынған санкцияны бұзған қазақстандық банктер мен компаниялардың атын атап, түсін түстеу керек дейді. Сонымен қатар Әлихан Смайылов бастаған үкімет Ресей Федерациясымен сауда-саттықта халықаралық санкцияларды сақтауға қатысты қандай шара қабылдап жатқанын сұрады. Партия басшысы Азат Перуашов жолдаған депутаттық сауалда қайталама санция мәселесі көтерілген.

Депутаттар Қазақстанға қайталама санкциялар салынған жағдайда, ел экономикасы, бизнес пен халықтың жалпы өмір сүру деңгейіне үлкен экономикалық зиян келетінін айтады. Осы орайда АҚШ пен Ұлыбритания делегациясы Қазақстанға қандай да бір талап қойды ма деген сауал тастады.

«Аталған делегация біздің елге қандай да бір практикалық талаптар қойды ма, атап айтқанда, халықаралық шектеулерді бұзған нақты қазақстандық компанияларды немесе банктерді атап өтті ме? Аталған болса, мұндай заңбұзушылықтарға қандай компаниялар жол берген және оларға қатысты тергеу жүргізіле ме?» делінген депутат сауалында.

Сонымен қатар мәжілісмен Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сауда көлемі мен экономикалық байланыстардың ауқымын ескере отырып, ірі бизнес пен ШОБ деңгейінде санкцияланған тауарлардың тізбесіне қатысты қандай түсіндіру жұмысы жүріп жатқанын білгісі келеді.

Өйткені халықаралық серіктестер Қазақстаннан Ресейге электроника экспорты көлемінің 22 есе күрт ұлғайғанына күмән келтіреді. Мұны олар үшінші елдерден санкцияланған өнімдерді «параллельді импорт» және жалған транзит жолымен жасырын ре-экспорттау, яғни, Еуропадан келетін тауарлар біздің елге жетпестен, ресейлік компаниялар түріндегі түпкі тұтынушыларға жарты жолда «қайта сатылу» тәжірибесімен байланыстырады.

«Сондай-ақ, сауда-экономикалық қарым-қатынастардың ауқымын ескере отырып, үкімет Ресеймен саудада көрсетілген шектеулерден Қазақстан экономикасына келетін потенциалды шығынды есептеді ме, есептелсе, үшінші елдермен мұндай шығынды өтеу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр ма?» дейді Азат Перуашов.

25 сәуір күні АҚШ Қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг Ресей Федерациясына Батыстың санкцияларынан жалтаруға көмектесетін қазақстандық компаниялар мен банктерге қайталама санкция қаупі артып келеді деп мәлімдеген еді.

«Біз Ресейдің санкциялардан да, экспорттық бақылаудан да жалтаруға тырысып жатқанына баса назар аударуымыз керек. Ресейдің бұл талпынысы табыссыз да емес. Осы ретте қазақстандағы әріпестеріміз бен үкімет, жеке секор өкілдері бірлесіп, Ресейдің санкциядан жалтаруы мен экспорттық бақылауды айналып өтуіне көмектесудің қандай салдары болатынын түсіндіріп жатырмыз », – деп қосты ол.

Ал, АҚШ Сауда министрінің көмекшісі Мэттью Аксельрод Ресей Қазақстан компанияларын зымырандар мен дрондарға арналған компоненттерді жеткізуде санкцияны айналып өту үшін қолданып отыр деп есептейді.

«Біз соғыс басталған уақыттан бері Қазақстан Республикасы аумағына кейбір тауарларды жеткізудің күрт артқанын байқадық. Таратып айтар болсақ, соғыс басталған кезең мен қазіргі сәтті салыстырсақ, дәл осындай тауарлардың жеткізілуі анағұрлым артқаны тіркелді. Осы уақыт аралығында Қазақстаннан Ресей аумағына жеткізілген осы арнайы тауарлардың көлемі де күрт өсті», – деді Аксельрод.

Ол «ресейлік зымырандар мен дрондарды басқару және энергиямен қамтуға мүмкіндік беретін» компоненттер туралы айтылып жатқанын нақтылады.

Соның ертесі ҚНРДА басшысы Мадина Әбілқасымова қайталама санкция салынбас үшін қазақстандық банктер бүкіл талаптарды орындап жатқанын айтқан.

2022 жылы Украинаға басып кірген Ресей ЕуроОдақ пен АҚШ салған санкциялар астында қалды. ЕуроОдақ биыл ақпан айында Ресейге қарсы тағы да 10 пакет санкция енгізген еді. Бірқатар шектеулер 2024 жылдың ақпан айына дейін ұзартылды. Ал АҚШ соңғы рет Ресей атом өнеркәсібіне санкция салатынын мәлімдеді.

Жақында СІМ өкілі Айбек Смадияров Қазақстан санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік жасамайды деген болатын.