Зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға беру: компанияларға қандай талап қойылады?

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының шектеулі бір сомасын активтерді басқару компанияларына сенімгерлік басқаруға бере алады. Үкімет осындай компанияларға қойылатын талаптарды жария талқыға шығарды. Салымшы қаражатының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларға қойылатын талаптар күшейтілген.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Кейбір нормативтік құқықтық актілерге бағалы қағаздар нарығы және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» қаулысы талқыланып жатыр.

Бірінші кезекте атқарушы органдар активтерді басқаратын компаниялар тізімін жасайды. Ол компаниялар, Standard & Poor’s (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша «ВВВ-дан» төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингтік бағасы немесе Moody’s Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің ұқсас деңгейде рейтингтік бағасы бар сенімді болуы тиіс.

Сонымен қатар, зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыру үшін инвестициялық портфельді басқарушы компанияның меншікті капиталының мөлшері кемінде 3 миллиард теңгені құрауы керек. Ал басқарушылар тізіліміне енгізілген күннің алдындағы соңғы 36 ай ішінде кемінде 5 миллиард теңге сомасында инвестициялық портфельді басқару тәжірибесі болуы міндеттеделеді. Оған қоса 2 жылдың қаржы нәтижелері аудиторлық есеппен расталып, уәкілетті орган белгілеген пруденциялық нормативтерді бұзу фактілерінің болмауы да қадағаланады.

Құжатта салымшылардың қауіпсіздігі үшін бұл компанияларға қойылатын талай талаптар тізімі қамтылған.
Сонымен бірге өкілетті орган зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін де береді.

Қаржы министрлігі және Ұлттық Банк шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары, сондай-ақ ҚР Үкіметінің кепілдеме беруімен және кепілімен шығарылған бағалы қағаздар, жергілікті атқарушы органдары шығарған борыштық бағалы қағаздар, «Қазақстанның Даму Банкі», «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі, «Проблемалық кредиттер қоры» акционерлік қоғамдары шығарған борыштық бағалы қағаздар және тағы да басқа қаулы талаптарына сәйкес келетін компаниялардың бағалы қағаздары да бар.

Осы жылдың 18 мамырына дейін талқылауда болатын қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күннен кейін қолданысқа енгізіледі.

Осыған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі салымшылардың зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активерді басқару компаниясына беру, және ол компанияны өздері таңдау құқығы берілетіні туралы мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз