«Қазатомөнеркәсіп» сирек металдар кен орнын игермек

Жарияланды
Фото: kazatomprom.kz

«Қазатомөнеркәсіп»-ке тиесілі «Үлбі металлургия зауыты» тантал, ниобий, бериллий секілді сирек кездесетін металдар қорына геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл туралы Ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ Ақтөбе облысындағы Жоғарғы Ырғыз кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алды. Кәсіпорын сирек металдардың қорлары мен ресурстарын бағалау және растау үшін учаскеде жер қойнауына барлау жүргізеді.

«Жоба атом холдингіне қолданыстағы өндірісті өзінің минералды-шикізат базасымен қамтамасыз етуге, түпкілікті дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, экономикалық тиімділікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді» делінген хабарламада.

«Қазатомөнеркәсіп» еншілес кәсіпорны «Үлбі металлургия зауыты» уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін әлемде танылған өндірушілердің бірі. Зауыт – ТМД аумағындағы жалғыз және тантал, ниобий және бериллийді өңдеуден бастап жоғары сапалы дайын өнімдерді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі.

Сирек металдар экономиканың әртүрлі салаларында – авиация, ғарыштық инженерия және зымыран, атом өнеркәсібі, медицина, аспап жасау, электроника, машина жасау және металлургияда кеңінен қолданылады.

Қазатомөнеркәсіпте өнімнің жаңа түрлерін жасау, кәсіпорындарда пайдалы құнды компоненттерді ілеспе түрде алу технологияларын жетілдіру, ғылымды қажетсінетін өндірістерді ұйымдастыру мақсатында сирек металдар мен сирек жер металдары саласында 2022-2029 жылдарға арналған ғылыми-технологиялық даму бағдарламасы қабылданған.

«Құжатта шикізат базасын кеңейту, жаңа технологияларды әзірлеу және енгізу, ғылыми зерттеулер мен инновациялық әзірлемелерді дамыту, сондай-ақ жоғары білікті кадрларды даярлау жүйесін құру жөніндегі шаралар көзделген» делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз