Жаңалықтар

Tiktok кибербуллингтің алдын алу үшін мүдделі тараптармен бірлесе жұмыс істеуге дайын 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Tiktok компаниясы өкілімен онлайн-кездесу барысында 13 жасқа дейінгі балалардың Tiktok-ты пайдалануына шектеу қою бойынша бірлескен жұмыс жүргізуді ұсынды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Tiktok компаниясының Шығыс Еуропадағы мемлекеттік органдармен іс-қимыл бойынша және корпоратив директоры Сергей Соколов өз сөзінде компания 13 жасқа толмағандардың ТикТок платформасын пайдаланбауына назар аударатынын атап өтті. Жас шектеулерін сақтау және кибербуллингтің алдын алу үшін мүдделі билік органдарымен, жұртшылықпен және сарапшылармен бірге жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

«Атап айтқанда, ақпан айында біз «қауіпсіздік академиясы» бағдарламасының бөлігі ретінде онлайн-буллингке қарсы кампания бастадық», – деді Сергей Соколов.

Сонымен қатар министр кибербуллингтің жиілеп бара жатқанына, сондай-ақ, суицидке итермелейтін әрекеттерге ерекше назар аударды.

«Министрлік осындай мазмұнды контентті анықтау бойынша күшейтілген жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Біз балалар мен жастар арасында суицидтің көбеюіне әкелетін контентті көрсетуді шектеуге бірге күш салуымыз керек», – деді Дархан Қыдырәлі.

 Дархан Қыдырәлі қазір талқыланып жатқан «Интернет жарнама және онлайн платформа туралы» заң жобасының ерекшеліктеріне тоқталып, заңнамада онлайн платформа иелерімен бірге жұмыс істеу, қазақша контентті монетизациялау және модеризациялау, интерфейстерді қазақшалау мәселесі қарастырылып отырғанын айтты.