Елімізде ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасы талқыланып жатыр.
Бұл жоба негізінде бірнеше заңды құжаттарға өзгеріс енгізілмек. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, Экология кодексіне, «Білім туралы» Заңға, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға, «Құқықтық актілер туралы» Заңға өзгерістер енеді.
Мәселен, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның 4-бабында «Ақпаратты проактивті тарату» жаңа термині қолданыла бастайды. Мұны құжат авторлары Greco ұсынымдары мен Ақпараттық доктринаға сәйкес мемлекет ақпаратты проактивті тарату тетіктерін дамыту үшін қажет деп санайды.
«Ақпаратты проактивті тарату – осы Заңның 10-бабының 5) – 8) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен ақпарат иеленушінің өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және (немесе) адамдардың шектеусіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын актілер мен шешімдерді қабылдауға жұртшылықтың қатысуына жәрдемдесу мүддесі үшін ақпарат иеленушінің бастамасы бойынша ақпаратты пайдаланушының сұратуынсыз тарату», делінген құжатта.
Жоба бұдан басқа бірталай өзгерістерді қамтиды. Сондай-ақ бұл салада мемлекеттік бақылау күшейіп, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органға бақылау функцияларын беруге бағытталған.
«Бұл Заң жобасын қабылдаудың мақсаты қоғамның ақпараттық сұраныстарын және 2015 жылдан бері қалыптасқан құқық қолдану практикасын ескере отырып, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру», делінген түсіндірме құжаттарда.
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. 22 мамырға дейін талқыланады