Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктерге әскери инфрақұрылымды дамыту ісіне атсалысуды тапсырды

Жарияланды

Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктерге әскери инфрақұрылымды дамыту ісіне атсалысуды тапсырды. Бұл туралы Президент Бүкілармиялық кеңестің отырысында мәлімдеді.

«Оқ-дәріні сақтайтын қауіпті нысандар елді мекендердің аумағынан тысқары шығарылып жатыр. Бұл ауқымды жұмысты күш құрылымдарының мойнына ғана артып қою дұрыс емес. Үкімет пен әкімдіктердің әскери инфрақұрылымды дамыту ісіне атсалысқаны жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев сондай-ақ, кеңес барысында армияны технологиялық жаңғыртуды жалғастыру қажеттігін мәлімдеді.

«Үкімет әскери мақсаттағы өнімдер мен қызметтердің номенклатурасын кеңейту үшін барлық шараларды қабылдауы керек»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Қазіргі әскери инфрақұрылым совет армиясының стандарттары бойынша құрылған. Бүгінде біздің алдымызда армиямызды трансформациялау дейтін күрделі міндет тұр. Біз бұрын қолданыста болмаған жаңа көкжиек құрып жатырмыз. Ел аумағын жетел жабдықтау шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, президент әскери-көліктік авиация мен жауынгерлік машиналар паркін ұлғайтуды тапсырды. Бұл қазақстандық армияның мобильді болуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз