Көп балалы отбасылар мен зейнеткерлер тегін заң көмегін ала алады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

2022 жылғы 20 маусымнан бастап «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңына құқықтық кеңес беру түрінде тегін заң көмегіне кепілдік берілген тұлғалар тобын кеңейтетін өзгерістер енгізілді. Енді аз қамтылған және көп балалы отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, азаптау құрбандары, 1 және 2 санаттағы мүгедектер, зейнеткерлер тегін заң көмегін ала алады.

2022 жылы еліміздің бірқатар заңнамалары түбегейлі өзгерген. Атап айтқанда: саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметін реттейтін заңдар өзгертілді. Биыл алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтпек.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараев Алматы қаласының тұрғындарымен кездесу барысында хабарлады.

Сондай-ақ министр заң көмегін көрсету, азаматтық хал актілерін тіркеу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, атқарушылық іс жүргізу сияқты мемлекеттік қызметтерді дамыту мәселелеріндегі өзгерістерді атап өтті.

Азамат Есқараев Алматы қаласы Әділет департаментінің қызметіне де тоқталды. 2023 жылдың 1 тоқсанында ғана Алматы қаласында үш мыңнан астам азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген.

«Алматы қаласы бойынша 24 мемлекеттік және 300 жеке сот орындаушылары қызмет атқарады. Қалада 2022 жылдың мамыр айынан бері алимент өндіріп алумен айналысатын төрт жеке сот орындаушысынан құралған жеке кеңсе жұмыс істейді. Алимент өндіріп алу бойынша мамандандырылған кеңселер ашу тәжірибесін әр өңірде кеңінен тарату қажет деп санаймын», – деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз