Қазақстан мен Өзбекстан еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау туралы келісті. Бұл туралы Еңбекмин хабарлады.
Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 19-шы отырысының қорытындысы бойынша екі елдің үкіметтері арасындағы 2023-2024 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында Өзбекстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші-мигранттардың және Өзбекстан Республикасында Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші-мигранттардың еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы» келісімді іске асыру жөніндегі практикалық іс-қимыл жоспарына ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов пен ӨР Жұмыспен қамту және кедейлікті азайту министрінің орынбасары Эркин Мухитдинов қол қойды.
Құжатта: Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарын көші-қон ағындарының бизнес-процестерін автоматтандыру жолымен екі елдің аумағында жұмысқа орналастыруды ресімдеу тәртібін зерделеу, жұмыспен қамту және еңбек қатынастары саласындағы заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілермен алмасуды қамтамасыз ету, еңбек мигранттарының медициналық анықтамаларын өзара тану тетіктерін енгізу, Қазақстан мен Өзбекстанның еңбек көші-қоны саласындағы дерекқорларын интеграциялаудың орындылығы туралы мәселені қарау, еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өңірлік кездесу өткізу, еңбек көші-қоны мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу, екі елдің аумағында заңсыз еңбек қызметінің алдын алу және жолын кесу жөнінде ұсыныстар әзірлеу көзделеді.