Қазақстан Ресейге тасымалданатын параллель импортқа шектеу қойды

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

«Кремльдің посткеңестік кеңістіктегі ең ірі сауда серіктесі саналатын Қазақстан, Ресейге параллель импорт тасымалдайтын жүктерге өз шекарасын жапты», деп жазады The Moscow Times басылымы.

«Грузавтотранс» басшысы Матягин «Қазақстанмен арадағы шекарада қиындықтар туды, жүк тасымалдаушыларға жол жабық деуге болады» деп, Қазақстан бойынша өтетін параллельді импорт тауарларын тасымалдайтын жүк көліктері басқа жолдармен айналып өтуге мәжбүр екенін айтқан.

Қазіргі таңда жүк көліктер Қытай, Иран, Грузия, Әзірбайжан, Армения арқылы өте бастаған.
23 наурызда Financial Times газеті Қазақстанда 1 сәуірден бастап басқа елден жеткізілетін және экспортталатын тауарларды қадағалауға мүмкіндік беретін онлайн жүйені енгізуі мүмкін екенін жазған.

Ал The Moscow Times басылымы мұны Қазақстанға АҚШ-тың Қаржы министрінің орынбасарының көмекшісі Элизабет Розенбергтің келуімен байланыстырады. Америкалық делегация мемлекеттік қызметкерлер және бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескені үшін қайталама санкциялар туралы ескертті.

«Қазақстан Республикасының тәуекелі артып келеді, бұл компаниялар мен банктерге де қатысы бар», деген болатын Розенберг.

Сондай-ақ Ресейдің санкциялардан жалтару және экспорттаудағы көмегіне байланысты Қазақстанда қиындықтар туындауы мүмкін екенін айтқан.

Осыдан кейін ресейлк басылымдар «АҚШ сигналын Астана естіген сияқты», деп жазды.

2022 жылдың соңында Қазақстан Ресейге тауар жеткізуді 25%-ға ұлғайтып, жалпы тауар тасымалы көлемі 20 миллиард долларға жеткен. Осылайша Қазақстан параллель импорттың ең үлкен «хабына» айналды. Мысалы, Ресей Федерациясына кір жуғыш машиналар экспорты жылына 100 мың бірлікті құраған.

Ал 2021 жылы мұндай тауарлар Қазақстаннан мұлде импортталмаған.
Соғыс салдарынан Ресей нарығынан бірталай шетелдік компаниялар кетті. Сол себепті Ресей ол компаниялардың тауарларын параллельді импорт арқылы тасымалдай бастады. Тіпті параллель импорт заңдастырылған болатын. Елде параллельді импорт 2023 жылдың соңына дейін жарамды.

Сондай-ақ оқыңыз