«Байтақ» партиясының басшысы мүшеліктен шығарылды

Жарияланды

Фото: Қазақстан пресс-клубы

«Байтақ» Қазақстанның жасылдар партиясының көшбасшысы Азаматхан Әміртай партия қатарынан шығарылды. Бұл туралы «Байтақтың» Алматы қалалық филиалының төрағасы Бейбіт Әпсенбетов айтты.

Мұндай шешім аталған партияның 6 мамырда өткен Саяси кеңесінің кезектен тыс отырысында қабылданған.

Арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, хабарлаған Бейбіт Әпсенбетовтің айтуынша Азаматхан Әміртай «Байтақ» Партиясының беделін түсіріп, оның мүддесіне нұқсан келтіретін әрекеттерге барған. Оның айтуынша, жәй ғана қозғалыс кезінен партия болып тіркелгенге дейін жетекшілік еткен Әміртайдың саяси ұйым қатарына шығарылуына оның партия Жарғысына, партиялық жолдастық қағидаттарына және адамгершілік қарым-қатынас нормаларына қайшы келетін бірқатар мәлімдемелері мен әрекеттері себеп болған.

Баспасөз мәслихатына келген партия мүшелері бұрынғы төрағаның заңсыз әрекеттерін жіпке тізгендей қылып айтып берді.

Олардың айтуынша, А. Әміртаев партия Жарғысын және бұрын жасалған келісімдерді бұза отырып, партияның Республикалық штабы мен аппаратын толықтай, оның ішінде хатшыларды да қызметінен босатқан.

«Онымен қоймай 2023 жылғы 4 сәуірде А. Әміртаев, партия Жарғысын бұза отырып, съезд сайламаған тұлғалардан Тексеру комиссиясын құрды; 2023 жылғы 4 сәуірде А. Әміртаев, партия Жарғысын бұза отырып, партияның Саяси кеңесінің құрамына кірмейтін тұлғалардан саяси бюро (Партияның Саяси кеңесі) құрылатынын жариялады; Сонымен қатар 2023 жылғы 17 сәуірде А. Әміртаев, партия Жарғысын бұза отырып, облыстық конференция өткізбестен, партияның Түркістан облыстық филиалының басшысын тағайындау туралы Бұйрық (№88 бұйрық) шығарды»,-дейді Әміртаевтың бұрынғы партияластары.

Сондай-ақ, Саяси кеңес мүшелері А. Әміртаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына өзін-өзі ұсынуы; сайлау науқанын қаржыландыруда ашықтықтың болмауы; сайлауалды науқан қорытындылары бойынша съезд өткізуден және Партияның басшылық органдарының жаңа құрамын сайлаудан бас тартуы; басқарушылық шешімдерде филиалдарды елемеу сынды деректерге алаңдаушылық білдірді.

«Жоғарыда көрсетілген деректер негізінде, Партия Жарғысының 3.6 және 3.7 баптарына сәйкес, көпшілік дауыспен, оның төрағасы Азаматхан Әміртайдың Партиядағы мүшелігін тоқтату туралы шешім қабылданды. Жиналыс кворум болған жағдайда өтті, дауыс беру «өтті» деп танылды»,-деді «Байтақтың» Алматы қалалық филиалының төрағасы Бейбіт Әпсенбетов.

БАҚ өкілдерінң алдын келген «байтақтықтардың бұрынғы төрағаға деген өкпелері қара қазандай көрінеді.

«Партия Төрағасы ұзақ уақыт бойы Саяси кеңес мүшелерімен байланысқа шықпады, өзіне қоңырау шалу және мессенджерлердегі хабарламалар арқылы байланысқа шығудың кез келген әрекетін елеусіз қалдырды.Онлайн-конференцияға қатысу туралы шақырту алғанына қарамастан, Саяси кеңес отырысына келмеді»,-дейді арнайыы мәлімдеме жасаған партия белсенділері.

Айта кетейік, еліміздегі экологиялық мәселені көтеріп жүрген осы «Байтақ» партиясы наурызда өткен Мәжіліс пен жергілікті Мәслихаттардың кезектен тыс сайлауына қатысып, межелі 5 пайыздық дауыс жинай алмағандықтан, Парламентке бірде-бір мүшесі өте алмай қалған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз