Жаңалықтар

ЕО Ресейге үшінші елдер арқылы кіретін тауарлар экспортына санкция салуды қарастыруда

Фото: Shutterstock

Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен Киевке сапары барысында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп, олар Еуро Одақтың Ресейге салатын 11-ші санкциялар пакетін талқылады. Енді, санкцияларды айналып өтуге көмектесетін фирмалар мен компанияларға ерекше назар аудырылады.

«Өткен жұмада комиссия 11-ші санкциялар пакетіне қатысты өз ұсынысын енгізді. Бұл пакетте баста назар аударатын мәселе – санкцияларды айналып өтуге қарсы күрес болып тұр. Біз мұны халықаралық әріптестерімізбен бірге, әсіресе G7 елдерімен тығыз байланыса отырып, жүзеге асырып жатырмыз», деді кездесуде Еуро комиссия басшысы.

Фон дер Ляйеннің айтуынша ЕО «транзитке тыйым салатын өнім» тізімін толықтырған. Оның ішінде «озық технология өнімдері мен Ресей арқылы үшінші елдерге жіберілетін ұшақ бөлшектері» де бар.
Еуро комиссия басшысы «санкцияларды айналып өтуге қарсы күрестің жаңа құралы» ретінде Ресейге үшінші елдер арқылы кіретін тауарларды экспорттауға санкция салу мәселесі ұсынылып отырғанын айтты. Ол мұның жауапты қадам екенін, сол себепті қауіп-қатері ескеріліп, мұқият талдаудан өткеннен кейін және ЕО-ға мүше мемлекеттер мақұлдағаннан кейін ғана сақтықпен қолданылатынын атап өтті.
Санкциялар пакетінің үшінші элементі – санкцияларды қасақана айналып өтетін Ресей мен үшінші елдердің фантом фирмаларына тыйым салуға бағытталады.