Шағын бизнестің дамуын тежейтін 10 мың артық талап жойылады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 2030 жылға қарай 40%-ға дейін ұлғайту – үлкен стратегиялық мақсат. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, Үкімет бизнесті ашу және жүргізу үшін барлық қажетті жағдайларды жасап отыр. Ұлттық жобалар шеңберінде пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жүзеге асырылады, кредиттер бойынша кепілдіктер, жеңілдікті қарыздар және басқа да қолдау шаралары ұсынылады. Бұл туралы ол Алматыда өткен «ULTTYQ ONIM» отандық тауар өндірушілердің VII көрмесінде айтты.

Ведомство басшысының айтуынша, моно және шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде түпкілікті қарыз алушы үшін 5% мөлшерлеме бойынша жеңілдікті микрокредит беру енгізілді. Несиелеудің ең жоғары сомасы 7-ден 3 млрд теңгеге дейін төмендетілді, бұл шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларымен көбірек қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске асырылып жатыр.

Қызметтің бірқатар басым түрлері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылды. Өңдеу өнеркәсібін дамытуды кеңейту мақсатында қолдау көрсету үшін қызмет түрлерінің тізбесі 151-ден 267-ге дейін артты. «Бизнестің жол картасын» қаржыландыру жылына 224 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.

«Биыл заңнамадағы бизнес үшін 10 мың артық талап жойылмақ. Бұл тексерулер санын айтарлықтай азайтады. Осы жылдың соңына дейін тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру толығымен аяқталады. Бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп жаңа Салық кодексінің жобаларымен жұмыс жүргізілуде. Парламентке бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсартуға бағытталған заңнамалық түзетулердің 9-шы топтамасы енгізілді. Үкімет пен бизнес арасында жүйелі және сындарлы диалог орнатылды. Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған «Отандық кәсіпкерлер кеңесі» бизнеспен диалог алаңы өзінің тиімділігін көрсетті», деді министр.

Шағын және орта бизнесті қолдау аясында биыл «Даму» Қоры арқылы 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау және 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру жоспарланған. Жалпы, «Даму» Қорының құралдары арқылы еліміздің барлық өңірінде жалпы сомасы 11,0 трлн теңге құрайтын, 187,5 мыңнан астам кәсіпкерлер жобасына қолдау көрсетіліпті.

«Біз барлық өңірдегі кіші, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетеміз. Бағдарламаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде 187 мыңнан астам жоба қолдауға ие болды. Қолдау несиені субсидиялау, яғни сыйақыны жеңілдету, несиеге кепіл болу сияқты құралдар арқылы жасалады. Біздің басты құралымыз жеңілдетілген несиелеу екенін де айта кетуіміз керек», деді «Даму» Кәсіпкерлікті қолдау Қоры» АҚ басқарма төрағасы Гауһар Бөрібаева.

«Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бұл көрмеге қатысып жатқан кәсіпкерлер жақсы нәтиже көрсетіп жүр және өнімдерін сыртқы нарыққа да шығаруда.

«Мұның ел экономикасын дамытуға серпін беретіні сөзсіз. Қазір әр қазақстандықтың өз ісін бастап кетуіне барлық мүмкіндік бар. Мемлекеттік қолдау бар адамға қолжетімді», дейді ол.

Қызылордалық кәсіпкер Шыңғыс Үсен жалпақ шыны өндірісімен айналысады. 2017 жылы басталған өндірістің өнімдері бұл күндері Алматы, Шымкент, Тараз және Түркістан нарығына жеткізіледі.

«2021 жылы «Даму» Қорының қолдауымен дайын өнімі 20 000 шаршы метр болатын табақ шыныларын шығаратын бірінші зауыттың құрылысы басталды. Қазір компания өндірісінің 80 пайызы автоматтандырылған. Дегенмен компанияда 50 шақты адам жұмыс істейді», дейді кәсіпкер.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, қазір шағын және орта бизнес Алматы экономикасының 57,5 пайызын қалыптастырып отыр.

«Жұмыспен қамтудағы шағын және орта бизнес үлесі – 87 пайыз. 2022 жылы ШОБ субъектілері 15,7 трлн теңгенің өнімін шығарды. Сөйтіп, өсім 31,1 пайызды құрады. Кәсіпкерлік бастамалардың арқасында қазір қаламыз ел экономикасының бестен бірін (2022 жылы 18,5 пайыз) және мемлекеттік бюджет табысының төрттен бірін қамтамасыз етіп отыр. Жыл басынан бері мегаполисте іскерлік бесленділіктің айтарлықтай өсімі байқалды. Осы жылдың бірінші тоқсанында іскерлік белсенділік индексі деңгейі бойынша Алматы өңірлер арасында бірінші орын (57,9 пайыз) алды. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 23,9 пайызға дейін өсті. Шағын және орта бизнестің дамуы әркез біздің назарымызда. Биыл мемлекеттік және қалалық бағдарламалар аясында басым бағыттардағы 3 мыңнан астам жобаны қолдау үшін 44 млрд теңге бөлінді», деді қала басшысы.

Көрмеде 300-ден астам отандық компанияның өнімдері мен тауарлары көпшілік назарына ұсынылды. Айта кетейік, «ULTTYQ ÓNIM» отандық өндірушілердің дәстүрлі көрмесі осымен елімізде жетінші рет, ал Алматыда бірінші рет өткізілді.

Жалпы, мемлекет 2025 жылға таман ел экономикасындағы ШОБ үлесін 40 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша үлес 36 пайызға жеткен. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, былтыр жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 1,5 миллионға көбейді және бұл саладағы жұмысшы саны 4 млн-ға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз