Фото: shutterstock.com
Бүгіннен бастап Мәскеу биржасының «Қазақ теңгесі – Ресей рублі» және «Армян драмы – Ресей рублі» валюта жұбы бойынша фьючерстік келісімшарттар саудасы басталды.
Жаңа сауда құралдары жеке және заңды тұлғаларға арналған. Олар бұны сауда стратегиясына және тәуекелдердің алдын алып, хедж-мәміле жасауға пайдалана алады.
«Мәскеу биржасының туынды қаржы нарық құралдарының арасында валюталық фьючерстер клиенттік белсенділік бойынша тұрақты әрі жетекші позицияда тұр. Инвесторларды транзакциялық шығындардың төмендігі және әртүрлі валюталар арқылы кең ауқымды стратегияларды жүзеге асыру мүмкіндігі қызықтырып отыр», дейді Мәскеу биржасы фьючерстік қаржы нарығының басшысы Мария Патрикеева.
«Қазақстан теңгесі – Ресей рублі» бағамы бойынша фьючерстік келісімшарт лоты – 100 000 теңге. Ал ең төменгі баға қадамы – 0,001 ресей рублі. Баға қадамының құны – 1 рубль. Келісімшарттың орындалу бағасы – шартты орындайтын күні Ресей Банкі белгілеген айырбас бағамымен өлшенеді. «Армян драмы – Ресей рублі» бағамы бойынша фьючерстік келісімшарт осы өлшемде.
Нарыққа қатысушылар 2023 жылдың маусым, қыркүйек, желтоқсан және 2024 жылдың наурыз айларында аяқталатын келісімшарттарға қол жеткізе алады. Олар тоқсан сайын жаңартылып отырады.
Техникалық келісімшарт сипаттамасы мен басқа да қажетті ақпарат Мәскеу биржасының веб-сайтында орналастырылған.
Мәскеу биржалық нарығы – фьючерстер мен опциондар саудасының ең заманауи технологияларын біріктіретін Ресей мен Шығыс Еуропадағы жетекші сауда алаңы саналады. Мәскеу биржасының туынды құралдар нарығында жалпы 27 биржалық опцион мен акци, 95 фьючерстік келісімшарт пен соған қатысты опциондар саудаланады. Онда қор индекстері, акциялар, валюталық жұптар, бағалы және өнеркәсіптік металдар, мұнай, газ және басқа да тауарлардың базалық активтері бар.