S&P 500 бен Nasdaq индекстері біршама көтерілді

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Сәрсенбі күні Dow Jones индексі 0,09%-ға төмендесе, ал S&P 500 бен Nasdaq Composite индекстері сәйкесінше 0,45% және 1,04% қосқан. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының таңғы шолуында жазылған.

S&P индексіндегі 11 сектордың жетеуі табысқа қол жеткізіп, коммуникация және технология компаниялары көш бастаса, ал энергетика мен қаржы нарық соңында қалды.

Nasdaq 100 технологиялық индексі Amazon (+3,3%), Alphabet (+4,1%), Apple (+2,8%) және Microsoft (+1,7%) сияқты ірі компания акцияларының арқасында тамыз айындағы ең жоғары деңгейге жетті. Дегенмен Airbnb (-10,9%) мен Twilio (-12,6%) акциялары екінші тоқсанға қатысты нашар болжам жариялағаннан кейін, арзандап кетті. Rockwell Automation акциялары билік компанияны Америка Құрама Штаттарындағы инфрақұрылымға, әскери және мемлекеттік нысандарға жасалған кибершабуылдарға байланысты тергеп жатқаны жайлы хабарлағаннан кейін (-2,8) біршама құнсызданды.

Өткен айда АҚШ-тың тұтынушылық инфляциясы күтпеген жерден бәсеңдеп, бұл ФРЖ жақын арада мөлшерлемені көтеруін тоқтата тұруы мүмкін деген болжамға негіз болып тұр.

Ал Еуропаның қор нарықтары құлдырап, Stoxx 600 және DAX 0,4%-ға төмендеді. Азық-түлік пен сусын шығаратын компаниялардың акциялары 1,4% арзандаса, ал технологиялық қорлар 1,3% өскен.

Nikkei 225 индексі бейсенбі күні 0,1%-ға төмендеп, 29 092-ге жетті. Sumitomo Metal (-11,3%), Mitsubishi Heavy Industries (-2,9%) және Nippon Yusen (-2,2%) айтарлықтай шығынға ұшырады.

Shanghai Composite бейсенбі күні 0,1%-ға өсіп, 3316 тармаққа жетті. Сәуір айында Қытайдағы CPI 0,1%-ға өскен еді. Өндірушілер акцияларының бағасы сәуірде 3,6%-ға арзандаған, компания акциялары кейінгі үш жылда бұлай арзандамаған еді. Энергетика және технологиялық компаниялардың акциялары өсім бойынша көш бастап тұр: Col Group (6,3%), Sungrow Power (3,3%) және Contemporary Amperex (3,2%). CNPC Capital (-8,2%), China Galaxy Securities (-5,2%) және Bank of China (-1,6%) сынды қаржы компанияларының акциялары арзандады.

Мәскеу биржасының индексі сәрсенбіде 0,83%-ға өсіп, 2 548,63-ке жетті.

KASE индексі 0,23%-ға өсіп, 3 607,78 тармықты құрады. Акциялары қор индексіне енгізілген бес компанияның бағалы қағаздарының саудасы теріс мәнде аяқталды.

Лондон қор биржасында Қазатомөнеркәсіп бағалы қағаздарының бағасы 2,8%-ға, 29 долларға дейін, Kaspi акцияларының құны – 0,6%-ға, 83 долларға дейін өскен. Halyk Bank GDR құны, керісінше, 0,15%-ға, 13,7 долларға дейін төмендеді.

Инфляцияға қатысты деректер жариялана сала, алтын бағасы арзандаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз