Фото: kursiv.media
Ұлттық банктің қаржы ұйымдарын дамыту департаментінің директоры Батырхан Иралимов елімізде жаңа агробанк құру орынсыз екенін айтты.
«Агробанкті құру мәселесі бірнеше рет көтерілген. Ұлттық банк өз ұстанымын айтқан. Ашығын айтқанда салалық банкті құру орынсыз. Практикада мұндай банктер болған. Алайда оның жұмысы сәтті болмаған.Біз барлық қолдау шарасын қолданыстағы даму институттары арқылы мемлекеттік, бюджеттік бағдарламалар шеңберінде іске асыруға болады деп санаймыз. Агроөнеркәсіптік кешеннің тәуекелі жоғары болып саналады. Сондықтан барлық тәуекелді бір банкте шоғырландыру орынсыз», – деді директор Сенатта өткен дөңгелек үстелде.
Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов та Ұлттық банктің позициясын қолдайтынын айтты.
«Осыдан 10-20 жыл бұрын Агробанк мәселесі көтерілген. Оны құрғаннан қандай нәтиже күтеміз? Біз онда төмен ставка болады және кепілдік беру саясаты басқаша болады деп күтсек, ол – дұрыс емес. Өйткені банк нарықтық жағдайда нарықтық ортада жұмыс істеуі керек. Ол қаржыландырылуы шарт. Мемлекет оған жарғылық капитал берсе де, ол нарықта қор жинайтыны анық. Қазіргі нарықтағы ставкалар бойынша қор жинайды… Алайда ауқымды деңдейде, барлық сала үшін агробанк құрып, жұмыс істейміз деп айту қиын. Себебі агробанк құру тәуекелдерді бәрін бір себетке жинауды білдіреді. Мұндай банктің ұзақ мерзімде тұрақты жұмыс істеуі күмән туғызады», – деді министрдің орынбасары.
Қазіргі кезде еліміздің қаржы нарығында 21 екінші деңгейлі банк бар.
Қазақстандық банктердің активі 2022 жылы басынан бері 14,4 пайызға өссе, несие портфелі биыл 1 наурызда 24,3 трлн теңгеге жеткен.
Бұған дейін Мәжіліс кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда жаңа екі банк пайда болуы мүмкін деген еді. Олар екі микроқаржы ұйымының негізінде ашылмақ.