Австриялық Raiffeisenbank ТМД банктеріндегі корреспонденттік шоттарға қатысты шарттарын қатайтты

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Австриялық Raiffeisenbank ТМД банктеріндегі корреспонденттік шоттарға қатысты шарттарды қатайтты. Raiffeisenbank International бұл елдердегі банктермен байланысты транзакциялық бизнеске қатысты тәуекелдердің алдын алуды ұйғарған. Салдарынан қазақстандық «Halyk Bank» белгілі бір салаларға қатысты төлемдерге шектеулер енгізді, деп жазады РБК басылымы.

«RBI өзінің корреспонденттік қызметін үнемі қадағалауда ұстайды және төлем мен сауда нарығындағы өзгерістерді назардан тыс қалдырмайды. Сол себепті де біз ТМД аймағындағы тәуекелдерге байланысты өзгерістер енгізуді жөн деп шештік», деп мәлімдеген банк өкілі.

Басылым RBI-де корреспонденттік шоттары бар қазақстандық Халық банкінің кейбір төлем түрлеріне шектеулер енгізгенін, банктің бұл елдегі басқа тұтынушылары да солай жасағанын жазды.
Корреспонденттік шоттар шетел валютасында аударымдарды жүзеге асыру үшін қажет.

«Бұған дейін Халық банкі еуродағы аударымдар бойынша банк-корреспонденттердің жаңартылған тізімін жариялаған болатын. Онда RBI жоқ», деп жазды РБК.

Дегенмен, 5 мамыр күні Halyk Bank бұл ақпаратты жоққа шығарған болатын. Онда коммерциялық шарттарға байланысты негізгі корреспондент банктерді өз бетінше анықтайтынын мәлімдеген.

«Halyk Bank -тің еуродағы аударымдарға арналған корреспонденттік шотын жапқанына қатысты БАҚ-та тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Аталған корреспонденттік шот штаттық тәртіпте жұмыс істеп тұр. Халықаралық тәжірибеге сай halykbank.kz ресми сайтында тек негізгі корреспондент банктердің деректемелері орналастырылады. Банк төлемдерді жүргізудің коммерциялық шарттарына байланысты жалпы тізімнің ішінен негізгі корреспондент банктерді өз бетінше анықтайды», делінген хабарламада.

РБК баслымының жазуынша, қазіргі уақытта RBI Ресеймен ынтымақтастығы үшін қаржы реттеушілері мен өз акционерлері тарапынан қысымға тап болып отыр. Наурыз айының соңында Еуропалық Орталық банк банктің Ресей нарығынан кетуін талап етті.

Сондай-ақ оқыңыз