Жаңалықтар

Алматыда кинематографистер митинг өткізді

Фото: kursiv.media

Киногерлер Ұлттық кинематографияны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталығының (ҰКМҚО) байқауға қатысатын фильмдерді іріктеуден әділетсіз өткізетінін айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Власть сайты.

Киногерлер ҰКМҚО-ның алдын ала іріктеу нәтижелерін жоюды және Мәдениет министрімен кездесу ұйымдастыруды талап етті. Сондай-ақ ҰКМҚО басшысының жұмысына көңілі толмайтынын айтып, оған қатысты тергеу амалдарын бастап, басшысын қызметінен босатуды сұрады.

Киногерлер 2019 жылы қабылданған «Кино туралы заңда» сыбайлас жемқорлық жүйесін құруға жол беретін тұстардың бар екенін айтады. Заңда белгіленген шарттарға сәйкес ҰКМҚО питчинг кезінде қатысушыларды еш себепсіз байқауға қатыстармай қоюға құқылы екен. Кино саласының мамандары бұл заңда қарастырылған шарттар іріктеуден тек Мәдениет министрлігіне қарасты компания жобаларының өтуіне жағдай жасайтынын айтады. Осының салдарынан 2023 жылы 153 жоба (бұл жалпы өтініштердің 55%-ы) іріктеуге өткізілмеген.

Наразы топқа ҰКМҚО төрағасы міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Шүкенов шығып, кино саласына қатысты көтерілген барлық мәселені жұма 12-мамыр сағат 17:00-ге дейін қарастыратынын айтты.

Наразылық білдірушы Ардагер Сантыбаев қордаланған мәселелерді шешу үшін Мәжіліс депутаттары, Мәдениет министрлігі өкілдері мен ҰКМҚО бірінші басшыларын қосып, арнайы комиссия құру қажет екенін айтты.

Осы жылы кино саласына қатысты нормативтік-құқықтық база біраз өзгеріске ұшыраған. Алдыңғы жылдары кинематографистермен келісім-шарттар мемлекеттік сатып алу порталында жасалып келген. Бұл көптеген киноөндірушілерге үлкен қиындықтар туғызған. Ал осы жылдан бастап бұл норма кино өндірушілерге қатысты қолданылмайтын болды.

«2022 жылғы қыркүйекте «Кинематография туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілді, олар, атап айтқанда, шарттар жасасу рәсімін де қамтиды», дейді ҰКМҚО басқарма төрағасының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Мақсат Мерекенов.

Сол өзгерістерге сәйкес «Қазақстан Республикасының кинематография туралы заңнамасымен реттелген құқықтық қатынастарға ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобалар мен ұлттық фильмдерді қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау ұсыну бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды».

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ жұма күні таратқан мәлемдемеде «киноөндірушілер мемлекет сенімін тудыратын жауапкершілік деген ұғымды әрдайым түсіне бермейтіні» жазылған.

«Кейбір компаниялар конкурс кезінде өздерінің болашақ жобаларын асыра мақтап, оларға қаражат алады да, соңында прокатқа шыққан өнім өндіріске жұмсалған соманың оннан бір бөлігін қайтармайтын, тіпті сөреде қалатын фильмдер шығарады. Бұл мемлекеттің ақшасына деген тұтынушылық көзқарасты ғана көрсетеді», делінген хабарламада,

Соған байланысты орталық қатаң шара қолдануға мәжбүр болған: қазіргі уақытта қаржылық жағынан да, шығармашылық жағынан да мүмкіндігі мен мүддесін жосықсыз пайдаланатындарға қатысты Киноорталықтың шағымдары бойынша бес іс сотта қаралып жатыр.

Бұған дейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өзінің интернет-ресурстарында 2023 жылдың 6-30 наурыз аралығында мемлекеттік қаржылық қолдауға үміткер киножобаларды ашық конкурстық іріктеуге (бұдан әрі – конкурстық іріктеу) қатысу үшін өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыру жариялаған. Барлығы электронды және қағаз жеткізгіштерде 290 өтінім түскен, киножобаларды қорғауға 130 өтінім жіберілген.

2022 жылы елімізде фильм түсіруге 5,6 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Оның 4,95 млрд теңгесі әлеуметтік маңызы бар фильмдерге (анимациялық фильмдерді қоса алғанда), тағы 500 млн теңге «дебют» санатындағы фильмдерге жұмсалды. Кең аудиторияға арналған фильмдерге 129,5 миллион теңге, бірлескен өндірістегі фильмдерге 25 миллион теңге бөлінді.