Назарбаевтың күйеу баласы газ компаниясындағы үлесінен айырылды

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі

Фото: kursiv.media

Экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың компаниясына тиесілі Атырау қаласындағы «Сұйытылған мұнай-газды сақтау паркінің» 50% акциясы Атырау мұнай өңдеу зауытына қайтарылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы хабарлады.

«Сот шешімі бойынша АМӨЗ меншігіне Атырау қаласындағы Сұйытылған мұнай-газ сақтау паркінің 50% үлесі қайтарылды», – делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада.

12 мамырдағы жағдай бойынша, мемлекеттік деректер базасына Атырау қаласындағы «Сұйытылған мұнай газды сақтау паркінің» құрылтайшысы ретінде Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Joint Technologies» компаниясымен қатар тағы 2 заңды тұлға көрсетілген. Яғни, парк акцияларының бір бөлігі ҚМГ-ның еншілес кәсіпорны – Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Талғат Жұмаділлаевке тиесілі «Көксеңгір» серіктестігінің иелігінде.

Жоғарғы Сот бұрын негізсіз олигополия субъектілерінің пайдасына шығарылған шешімдерге Бас Прокурордың 24 наразылығын қанағаттандырды. Атап айтқанда, Жоғарғы Сот шешімі елордадағы бұрын «ҚазМұнайГазға» тиесілі болған, бірақ кейін жекешелендірілген «Думан» қонақ үй кешенінің иелерінен 1,3 миллиард теңге өндіріп алуға мүмкіндік берген.

Бас прокуратура мемлекетке 760 млрд теңгеге тең активтер, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар қайтарылғанын хабарлаған болатын.

Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің үштігіне кіретін Тимур Құлыбевтың байлығы бір жылда 400 млн долларға өсіп, 4,3 млрд АҚШ долларын құраған. Forbes нұсқасы бойынша әлемнің ең бай адамдары рейтингінде Тимур Құлыбаев та, әйелі Динара Құлыбаева сияқты 636-орында тұр.

Сондай-ақ оқыңыз