ЦентрКредит банкі 2022 жылға дивиденд төлемейді

Жарияланды

Фото: БЦК

ЦентрКредит банкі 2022 жылға жай акциялар бойынша дивиденд төлемейді. Қаржы ұйымы Қазақстан қор биржасын (KASE) 12 мамырда өткен акционерлердің жылдық жалпы жиналысының шешімі туралы хабардар еткен.

Осылайша, банк өз шотында бөлінбеген пайда түріндегі 144,9 млрд теңге көлемінде таза кірісті қалдырады. ЦентрКредит банктің шешімі ҚНРДА-ның мемлекет көмегін алған банктердің дивидент төлеуін шектеу туралы әзірлеп жатқан заң жобасы аясындағы болжамды қадамы. Өйткені мемлекет қолдауын алған банктердің арасында ЦентрКредит банкі де бар.

Банктің ексерілген қаржылық есебіне сәйкес, ЦентрКредит банкінің кірісі былтыр екі есе өсіп, 282,8 млрд теңгеге жеткен. Таза пайда жеті есе өсіп, 145,1 млрд теңгені құрады.

Курсив бұған дейін ЦентрКредит банкі Альфа-Банктің бұрынғы еншілес ұйымын 50 миллиард теңгеге сатып алғанын хабарлаған. Аудиттен өткен қаржылық есептен белгілі болғандай, банктің осы мәміледен түскен кірісі 84,2 млрд теңгені құрады. Банк бұл қаржыны Альфа-Банктің ағымдағы активтерін бағалаудан (134,4 млрд теңге) шегеру арқылы алды.

Сондай-ақ оқыңыз