Жаңалықтар

Қазақстанның мемлекеттік қарызы бір жылда 21,8 пайыз өскен

Фото: kursiv.media

2023 жылдың 1 тоқсан қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қарызы 26 418,9 млрд теңгені немесе 58,9 млрд АҚШ долларын құрады. Былтыр жыл соңымен салыстырғанда мемлекеттік қарыз 1 101,2 млрд теңгеге немесе 4,3%-ға өссе, 2022 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда мемлекеттік қарыз 4 724,8 млрд теңгеге немесе 21,8%-ға өсті, деп жазады Экономикалық зерттеулер институты.

Мемлекеттік қарыз құрылымы төмендегідей:

  • Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарызы 22 717,9 млрд теңгені немесе мемлекеттік қарыздың 86%-ын;
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қарызы 2 632 млрд теңгені немесе мемлекеттік қарыздың 10 пайызын;
  • ЖАО-ның сыртқы кредиторлар алдындағы берешегі 1 069 млрд теңгені немесе мемлекеттік қарыздың 4 пайызын құраған.

Осылайша, Қазақстан Республикасы Үкіметі ғана емес, Ұлттық Банк пен жергілікті атқарушы органдардың да қарыз алуы артып жатыр. Айталық Ұлттық Банкінің қарыз үлесі 8,8%-дан 10%-ға дейін өсті.

Дегенмен, ҚР ҰБ-ның бүкіл қарызы – ішкі қарыз, ол ноталар шығару арқылы нарықтан өтімділікті алып тастау есебінен кеңейіп келеді. Бұл өз кезегінде орта мерзімді уақытта реттеушінің қаржылық тұрақтылығына көп әсер етпейді.

Дегенмен, Үкімет қарызына қызмет көрсету құны айтарлықтай өскен. Мәселен, 2023 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша бұл шығындар 559,6 млрд теңгені құраса бұл өткен жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда 154,3 млрд теңгеге немесе 38,1%-ға артық.

Қазақстанның сыртқы мемлекеттік қарызының үлкен бөлігін халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері құрайды.

Оның ішінде Халықаралық қайта құру және даму банкіне – 1,6 триллион теңге, Еуропа қайта құру және даму банкіне – 54 миллиард теңге, Азия даму банкіне – 908 миллиард теңге, Ислам даму банкіне – 38 миллиард теңге қарыз. Ал Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкіне беретін қарыз 326 миллиард теңгені құрайды. Қытай Халық Республикасының Экспорт-импорт банкіне – 56,8 млрд теңгеден астам, сондай-ақ Шетелдік коммерциялық банктерге берешегіміз 92,5 млрд теңгеден асады.

Бұған дейін ЕАЭО елдері арасында Қазақстан мен Ресейдің сыртқы қарызы азайып келе жатқаны хабарланған.