Орталық Азияның экономикалық дамуын қандай факторлар тежейді?

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасы Николай Подгузов Әзербайжан, Түркіменстан елдерінің ЕАДБ-ға қосылуына байланысты пікір білдірді. Бұл пікірін ол Алматыда өтіп жатқан ірі инфрақұрылымдар мен ESG-жоба инвесторларының халықаралық конференциясы, оған қоса Азия және Тынық мұхит аймақтық даму институттарының қауымдастығы (ADFIAP) мүшелерінің 46-шы кездесуінде айтты.

«Мен банк қатысушылары сапында Түркіменстан және Әзербайжанды көргім келеді. Бұл елдер біртіндеп банкке қосылады деп сенемін. Қазір біз даму институты қатысушылары құрамына кіру бойынша Өзбекстанмен белсенді келіссөз жүргізіп жатырмыз. Көптеген ұстанымдар тұрғысынан жақын болып тұрмыз. Әзірге аталған мемлекет – банкке кіруі мүмкін бірден бір кандидат», деді ол. 

Ол сондай-ақ Орталық Азияның инфрақұрылымдық әлеуеті жайлы да кеңінен тарқатты, сәйкесінше өңір алдында тұрған басты түйткілдерді атап берді.

«Теңізге тікелей шығатын мүмкіндіктің болмауы да Орталық Азияның экономикалық потенциалын толық ашпай отыр. Соның салдарынан жалпы ішкі өнім де құлдырап жатыр. Не істеу керек? Барлық сала бойынша транспорттық бағыттарды көбейту, кеңейту қажет. Демек Каспий теңізіндегі порттар, логистикалық орталықтар, шекарадағы өткізу бекеттері сияқты инфрақұрылымдарды жақсарту қажет деген сөз. Екінші қиындық – өңірдегі сумен жабдықтау және энергия мәселесі. Су ресурстарын тиімді пайдаланудың өте төмен деңгейі тіркеліп отыр. Бұл деңгей текше метріне 2,5 долларға бағаланады. Ал егер жаһандық деңгеймен салыстырар болсақ ол текше метріне 19 долларды құрайды. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және өзге де секторлар көп көлемдегі су ресурсын қажет етіп тұр. Сол үшін Орталық Азия су ресурстарын әлдеқайда тиімді пайдалану үшін өз күшін біріктіруі тиіс деп ойлаймыз. Бұл да біздің басты мақсаттарымыздың бірі», деді Николай Подгузов.

Келесі қиындық – әлеуметтік-экономикалық бағыттағы айтарлықтай прогреске қарамастан туындап отырған ресурсқа деген тәуелділік.

«Кейбір факторлар әлі күнге экономикалық даму мен табыс өсіміне тежеу болып тұр. Орталық Азия елдері әлі шикізаттық экспорттық тауарларға және еңбек ресурсына тәуелді. Өңір экспорттайтын табиғи қазба байлық деңгейі ОА елдерінің бүкіл экспортының 51 пайызын құрайды. Осыған байланысты өңірдің минералдық ресурсқа деген экспорттық тәуелділігін төмендету қажет. Орталық Азиядағы климаттық өзгеріс те – өңірдегі үлкен түйткілдің бірі. Су ресурстарына әжептәуір салмақ түсіп отыр. Аталған жүктеме өңірде 2-8 есе ұлғайған. Өңір сондай-ақ аса жоғары температурамен де бетпе-бет келуде. Бұл өз кезегінде жағымсыз салдарларға әкеп соқтырады», деді банк басқарма төрағасы конференция барысында.

Оның айтуынша, ЕАДБ банк ретінде осы қиындықтарды шешкісі келеді және 2026 жылға дейін өңірге 10 млрд доллардан астам инвестиция салуды жоспарлап отыр.

«Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Арменияда бірнеше жобамыз бар. Бұл елдерде цифрлы инфрақұрылымдар жүзеге асуы үшін ашылған арнайы цифрлық қорымыз да бар. Жоғарыда айтылған қиындықтың бәрі Орталық Азияның ойдағыдан да жедел дамуына жағдай жасайды. 2000 жылдан бері ОА-ның даму көрсеткіші 3 пайыздан сәл ғана асты. Бұл – өзге дамушы елдердің экономикалық дамуынан да төмен көрсеткіш. Осы түйткілді тарқата алсақ, онда ОА әлемдегі ең жедел дамып келе жатқан өңірге айналар еді. Бұл ретте дамуға көмектесетін жобалар ретінде мыналарды айтамыз: Қырғызстандағы Қамбар Ата – 2 ГЭС-і. Бұл ОА-дағы өзге елдер – Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Тәжікстанға да қызмет көрсетеді. Сондықтан бұл станцияны салу өте маңызды. Бұл жерде трансшекаралық мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы әңгіме туындайды. Бұл – төтенше маңызды. Келесі маңызды жоба – Аягөз-Бақты теміржол желісі. Бұл Қазақстанның транзиттік потенциалын ұлғайтуға септігін тигізеді», деді.

Ол Алматыда ЖЭС модернизациясы бойынша және көмірге негізделген барлық жылу және электр станцияларын жаңарту бойынша жобалар бар екенін, аталған жобалардың жүзеге асуы Алматының мүмкіндігін одан сайын арттыра түсетінін мәлімдеді.

«Былтыр біз Қазақстанға 1,5 млрд долларға инвестиция жасадық. Бұл біздің банк үшін үлкен сома. Арменияға да үлкен сомамен инвестиция салудамыз. Мұның бәрін елдер арасындағы өзара ынтымақтастықсыз жүзеге асыру қиын. Өзара қолайлы әріптестік қажетті инвестициялық деңгейге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Инвестицияның 6,3 пайызы экологиялық проблемаларды шешуге жұмсалды. Инвестицияның 1,5 пайызы жылу электр станцияларына бағытталды», деп түсіндірді.

Бангладеш IPDC Finance Бас директоры Моминул Исламның айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – инфрақұрылымға инвестиция тартуды қалай жақсарту керек дегенге жауап іздеу.

«Сонымен бірге конференция тәжірибе алмасу, институционалдық әлеуетті өрістету жағынан пайдалы. Біз орнықты инфрақұрылым қалыптастыру бойынша өз білгендерімізбен бөлісіп жатырмыз. Бір-бірімізбен кеңесіп, байланыстың жаңа желілері құрылып жатыр. Мұнда мемлекеттік сектордың да, халықаралық ұйымдардың да, даму институттарының да өкілдері бар. Біз барлығымыз бірігіп, инфрақұрылымның өзекті мәселелерін қолайлы жағдайда шешу мәселесін қарастыра аламыз», дейді ол.

Азия даму банкінің (АДБ) жеке сектордағы операциялар жөніндегі бас директоры Сюзанна Габуридің айтуынша, банк өңірдегі елдерге 17 млрд теңге инвестиция салған.

«Соның ішінде энергетика үлесі – 22 пайыз, сауда саласы – 32 пайыз, транспорт – 17 пайыз. Біздің банкте жаңа операциялық модель бар. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жұмыс істейміз. Әр елдің үкіметімен келісім жасасқан кезде әртүрлі жұмыс істеуге тура келеді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік – мұндай жұмыстың негізгі аспектісі. Біз соңғы айларда Өзбекстанда жаңғырмалы энергия көзі бойынша 5 транзакцияны қаржыландырдық. Басымдық беретін секторларымыз – транспорт, сауда, денсаулық сақтау. Сондай-ақ жаңғырмалы энергия көздерімен байланысты әртүрлі секторлармен де жұмыс істейміз», деді Сюзанна Габури.

Айта кетейік, Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) — Еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметті жүзеге асыратын халықаралық қаржы ұйымы. 17 жылдан астам уақыт бойы ЕАДБ экономикалық байланыстарды нығайтуға және кеңейтуге, қатысушы елдердің жан-жақты дамуына жәрдемдесіп келеді. ЕАДБ жарғылық капиталы – 7 млрд доллар.  ЕАДБ портфеліндегі негізгі үлесті көлік инфрақұрылымы, цифрлық жүйелер, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы интеграциялық әсері бар жобалар алады. Банк өз қызметінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын және ESG қағидаттарын басшылыққа алады.

Азия және Тынық мұхиты даму институттарының қауымдастығы (ADFIAP) — БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік Кеңесі жанындағы консультативтік мәртебесі бар үкіметтік емес ұйым. Оның қызметі өңірдегі орнықты экономикалық, экологиялық, әлеуметтік даму мен өсуге жәрдемдесуге бағытталған. Даму банктері мен қаржы институттарына демеушілік көрсетеді. 39 мемлекеттен 90 ұйым, оның ішінде аймақтан тыс: Канада, Германия және Франциядағы даму банктері мен институттарды қамтиды. ЕАДБ 2022 жылдан бастап ADFIAP мүшесі.

Сондай-ақ оқыңыз