Қазақстандағы IT: академиялық команда мен бизнес серіктес пе, бәсекелес пе?

Жарияланды

Тиісті бэкграундсыз, курс оқып, бағдарламалаушы болу мүмкін бе? Көп орталықтың ішінен сапалысын қалай таңдау керек? Олар классикалық университетке бәсекелес пе, әлде серіктес пе? IT саласына сұраныс артқан сайын ұсыныс та көбейді. Осы тақырыпты DAR University директоры, жоғары білім беру саласында бірнеше жылдық тәжірибесі бар Гүлиза Бөлекбаевамен талқыладық. 

– Гүлиза Хайроллақызы, университетте сабақ беруден мол тәжірибеңіз бар. Еліміздегі IT саласының жағдайынан да хабардарсыз. Отандық оқу орындарындағы білім сапасы қандай? Бәсекеге қабілетті деп айта аламыз ба?

– Академиялық ортадан бизнеске ауысқан кезімде мұндағы талап пен қажет басқаша екенін байқадым. Классикалық университеттің міндеті — студентті жан-жақты етіп шығару. Мысалы, философия, әлеуметтану оқытылады. Оның себебі — студентті көп қырлы, софт және хард машығы қатар дамыған адам етуге бағытталғандықтан. Яғни университет сізді бағдарламалаушы қылып қана шығармайды. Сонымен бірге ортаға бейімделген тұлға етуді мақсат тұтады. Біз KIMEP, ҚБТУ секілді университеттермен коллаборация жасап тұрамыз. Көзбен көріп жүргендіктен, бәсекеге қабілетті деп нақты айта аламын. Академиялық орта командасы бизнес командаларға біртіндеп жақындап келеді. Бірақ елдегі сұранысты ЖОО-лар түгел қамти алмайды. Сол себепті бірлесіп жұмыс істеген дұрыс. Бизнеске не керегін біз жақсы білеміз, академиялық университет сол қажетті қалай дұрыс жеткізуді мықтап меңгерген. Қазір серіктесе жұмыс істеп жатқанымыз да сондықтан. Алдағы уақытта жоғары оқу орындары оқу процесіне бизнесті көбірек жұмылдырғаны жөн.

–  Демек, классикалық университеттер мен бизнесті бәсекелес дегеннен гөрі серіктес деген дұрыс па?

– Әрине, біз университеттерді өзімізге бәсекелес көрген емеспіз. Өйткені бәсекелесу мүмкін емес. Олар өте алпауыт. Жалпы алғанда адамдар екіге бөлінеді: бірі оқығысы келеді, студенттік өмірдің дәмін татқысы келеді. Ал енді бірі тез үйреніп, барынша еңбек нарығына ерте араласқысы келіп тұрады. Бұл екі топтың да қажеті өтелуі қажет. Университет төрт жылдық оқу стратегиясын ұсынып, оқытады. Біз болсақ, нақты қажет дүниені үйретеміз де, «міне, саған керек машық осындай. Енді джуниор ретінде жұмысқа кірісіп, бастасаң болады» дейміз. Бар айырмашылық осында.

Төрт жылдық оқу жайлы айтып қалдыңыз. Қазір білім саласында өзгеріс көп. IT–ді алып қарасақ, алдағы уақытта университеттердегі оқу ұзақтығы қысқаруы мүмкін бе?

– Бүгінде біраз университет жабылып жатыр. Кейбірі мектепте өтіп кеткен пәндер болса, соларды ескереді. Оқу ұзақтығына қатысты айтсақ, алдағы уақытта оқу орындары студент интенсив түрде оқығысы келсе, соған мүмкіндік беретін секілді. Айталық, күзгі және көктемгі семестр бар — бір жылда екі семестр. Ал енді студент жазда уақытын босқа өткізбей, екі емес, үш семестр аяқтағысы келсе, неге ондай мүмкіндік бермеске? Сөйтіп ол тиісті кредит санын уақытынан ерте жабар еді. Осылайша оқу ұзақтығы қысқарады. Әрі қазір университеттерде академиялық еркіндік бар. Демек, студенттің қалауына қарай қайырылуға болады деген сөз. Осы ретте оқу орындарындағы бір мәселені айтқым келіп тұр. Ол — бір топта көп студент оқитыны. 20-30 адам оқыған жерде барлығына бірдей бағыт беру, оларды қамту қиын. Ал енді 10-15 адам оқыса, фидбек сапалырақ болар еді. Алдыңда отырған адамға барынша көңіл бөліп, әрқайсысына жеке тапсырма берген, әрине, керемет.

 – Бизнес осы жағынан курстар жасап, жақсы көмектесіп жатқан секілді. Енді бірнеше айлық, онлайн-офлайн курстар тақырыбына ауыссақ. Көптің көкейіндегі сұрақ: жарты жылда бағдарламалаушы болып шығу мүмкін бе? 

– Білесіз бе, осы сауалды маған бес жыл бұрын қойса, «мүмкін» деп айтуға батпас едім. Бірақ екі жылға созылған пандемия онлайн оқудың офлайннан кем емесін көрсетті. Ол жерде де сапа бар. Пандемия басталғанда ұлым мектепте оқып жатты. Кей ата-аналар онлайн оқудың кесірінен сапа түсіп кетті деді. Өз тәжірибемнен айтайын, бізде керісінше жақсы тұсы көп болды. Демек, мәселе форматтан гөрі оқу әдістемесінде дер едім. Сондықтан курс оқып, маман болып шығу әбден мүмкін.

– Бұған дейін басқа салада істеп, IT-ге ауысқандардың оқиғасын арагідік шолып қаламыз. Мұндай кейстер сіздерде кездесті ме?

 – Әлбетте, бар. Технологиялық университетті тәмамдаған маман Java курсын оқып, алғашқы офферін алып үлгерді. 36 жаста өмірін жаңа бағытқа бұрып, апгрейд жасаған студентімізді үнемі айтып жүремін. Жас деген жай ғана сан екенін сол кезде түсіндім. Былай қарасаң, сол студентіміз Алматыдағы алдыңғы қатарлы компанияда, бас есепші болып істеп жатқан, қалыптасқан маман еді. Жаны өзгеріс қалады — жасады. Бүгінде Big 4 компаниялардың бірінде «джуниор бағдарламалаушы» болып істейді.

– IT-дің тағы бір артықшылығы әлемнің кез келген жерінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретінінде деуге болатын шығар. Интернет пен ноутбук болса, жеткілікті. Тағы қандай артықшылығы бар?

– Толықтай келісемін. Сонымен бірге бұл салада карьера жолында өсу жүйесі әділетті құрылған. Айталық, дамуға, үйренуге дәйім дайын болсаң, онда джуниордан мидлға 1-1,5 жылда өсе аласың. Яғни мұнда барлығы өзіңе байланысты. Кей джуниорлар деңгейін өсіргісі келмейді. Өйткені оларға ілінетін жауапкершілік жоғары емес, тәуекел де аз, ортасы жайлы, айлығы көңілінен шығады. Олай болса, таңдау өзінде — сол деңгейде қала береді. Енді бірі, керісінше, өскісі келеді. Компанияда жалақысын екі есе көтеріп, мидл болған студенттерім мәз болып, қуанышын бөлісіп жатады. Енді алдағы 3-4 жылда сеньор болып, бізге оқытушы болып келуді мақсат ететінін айтып жатады. Ондай фидбек алғанда тіпті шаттанамыз. Адамдардың мұндай екі типін жаман не жақсы деп бағалауға болмайды. Әркім көңілі қалаған жолды таңдайды.

– Не көп — курс көп. Сапалысы қайсысы? Сүзгіден қалай өткіземіз?

– Басты шарт: әдістемесі болуы керек. TikTok-тағы қысқа видеоларды оқу, білім алу деп санауға болмайды. Оны адам тартатын құрал деген дұрыс болар. Ал білім бір жолға қойылып, нақты құрылымы жасалып беріледі. Сондықтан курс іздеген адамға мынадай кеңес берер ем. Ең алдымен ментор болатын адамды табу керек. Себебі оқытушы өте маңызды. IT саласында кемінде бес жылдық тәжірибесі бар, бірнеше жоба жасаған болуы шарт. Яғни бэкграундымен танысу қажет. Одан кейін пікірлерді шолып шығыңыз. Әркім өзі жаза салатын мәтін скрин емес, шама келсе видео түріндегісі дұрыс. Расымен оқып, үйренген адамның пікіріне қарап көп нәрсе ұға аласыз. Үшінші — бағасы. Тегін болса, ол жерде ешқандай тәуекел жоқ. Оқысаңыз да, тастап кетсеңіз де бәрібір. Орталықтың да, сіздің де ештеңеңіз кетпейді. Ал енді ақылы курс алсаңыз, онда ұнамаған жағдайда ақшаңызды қайтаратынын таңдаған абзал. Неге олай? Өйткені өзіне сенімді компания ақша қайтарудан қашпайды. Бәріне бірдей ұнайтын доллар емеспіз. Сол себепті мықты компанияның өзінің қызметін ұнатпай, ақшасын сұрайтындар табылады. Кей адамға оқытушының мәнері көңілінен шықпауы мүмкін. Тым жылдам не баяу сөйлесе, сонысы ұнамауы ғажап емес. Осы сынды небір себеппен курсты әрмен қарай жалғыстырғысы келмей қалып жатады. Бұл — қалыпты жағдай. Көбіне осылай ақшасын қайтаруды сұрайтындардың үлесі шамамен 30 пайыздай болады. Содан соң бағдарламасын қарап шығыңыз. Нақты сіз іздеген дүниелерді үйрете ме? Егер бұл салаға енді келіп жатқан маман болсаңыз, тәжірибелі бағдарламалаушыларға көрсетіп алған артық етпейді.

 – Сіздерде бағдарламалаушыларға арналған бірнеше курс бар. Кейінгі кездегі тренд — жасанды интеллект, нейрон желілеріне қатысты сабақ қосу жоспарларыңызда бар ма?

– Тренд десе, құлағымыз түрулі жүреді. Қарап, бақылап отырамыз. Бірақ біз практикаға негіздегенді жақсы көреміз. Ал нейрон желілері бізде ондай қатты дамымаған. Сондықтан нарықтағы сұранысқа сай жүргенді құп көреміз. Әзірге жасанды интеллектінің қыр-сырын білетін мамандарға сұраныс жоғары емес. Алғашқы қадамдарын нық басу үшін барынша сапалы білім беріп, бағыт көрсетсек, әрі қарай өзін дамытқысы келсе — мықты маман алып кетеді. Сондай-ақ, мансап жолында өсуге арналған картамыз бар. Мысалы, джуниорды оқытып шыққан соң, келесі кезең — мидл маманға бірден оқытпаймыз. Ол джуниор рөлінде нарықпен танысып, жұмыс істеп көруі керек. Содан кейін ғана деңгейін көтеру үшін қайта келсе болады. Әйтсе де, нарықта сұраныс пайда бола қалса, оған да икемделеміз.  

Сондай-ақ оқыңыз