Жаңалықтар

Тоқаев 70 жылдық мерейтойын атап өтпейді

Қасым-Жомарт Тоқаев 70 жылдығын атап өтуді жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Facebook парақшасында жазды.

«Президенттің Баспасөз қызметіне бұқаралық ақпарат құралдарынан Мемлекет басшысы туған күнін қалай атап өтетіні туралы сұрақтар келіп түсіп жатыр. Осыған орай ешқандай іс-шара жоспарланбағанын хабарлаймыз. Президент мұндай шараларды қолдамайды», деп жазды Руслан Желдібай.

Оның дерегінше Мемлекет басшысы 17 мамыр күнін жұмыс кестесіне сай өткізеді.

«Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұл күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары басталады. Қазақстанда да, ҚХР-ға сапар аясында да Президенттің туған күніне байланысты ешқандай іс-шара өткізілмейді» деді Руслан Желдібай.

Қасым-Жомарт Тоқаев 17-19 мамырда Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барады. Сиань қаласында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ, сапар аясында Президент Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі және «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысады. услан Желдібай.