Түркияда жексенбі күні президенттік сайлаудың бірінші кезеңі өтті. Алайда, үміткерлердің ешқайсысы бұл кезеңде қажетті 50 пайыз дауысты жинаған жоқ. Десе де Режеп Тайып Ердоғанның көші ілгері, деп хабарлайды ВВС.
Бұл нақты көрсеткіштер емес. Дауыс санау аяқталған жоқ. Қазіргі таңда қалған 3 пайыз бюллетеньдегі дауыстар саналып жатыр. Егер бұл дауыстар есебінде жағдай өзгермесе, жеңімпаз 28 мамырда өтетін екінші турда анықталады. Негізінен Түркиядағы бұл сайлауды көпшілік тарихи оқиғаға балайды. Себебі, Режеп Тайып Ердоған билік еткен 20 жылда оппозициялық кандидаттың жеңіске жету мүмкіндігі пайда болған.
Шамамен 98,38% бюллетень санақтан өткен. Онда Ердоған 49,34% дауыспен алда келеді. Ал оның басты бәсекелесі – алты партиядан тұратын оппозициялық Ұлттық альянс кандидаты Кемал Қылышдароғлы 45% жинаған. Президенттікке тағы бір үміткер Синан Оган 5,23% дауыс жинаса, 11 мамырда кандидатурасын алып тастаған Отан партиясының басшысы Мухаррем Инже 0,43% дауыс жинапты.
Ердоған бірінші кезеңде жеңіске жететінінен үмітті. Бірақ халық қаласа, екінші кезең сайлауын өткізуге қарсы болмайтынын айтқан. «Дауыс саны белгілі болмаса да, біздің айқын басымдықпен алда келетінімізге сенімдімін», деген президент «Әділет және даму» партиясының штаб-пәтерінде сөйлеген сөзінде.
Ал оның қарсыласы Кемал Қылышдароғлы екінші кезеңге өтсе, жеңіске жететініне сенеді. «Егер, екінші тур жарияланса, онда өзімнің жеңіске жететініме сенімдімін. Өйткені қоғамда өзгерісті қалайтындар көлемі 50 пайыздан асады», деген.
Түркияда бұл сайлауға қатысты әлеуметтік сауал жүргізілген. Оның нәтижесінде көпшілік өтіп жатқан сайлаудың екінші кезеңде жалғасын табатынын айтқан.
Сауалнама барысында көпшілік Ердоған емес, Қылышдароғлының жеңетініне сенім білдірген. Ал Синан Оган екінші кезеңдегі сайлауда кімге дауыс беретінін әлі шешпегенін айқан. Ердоған алда келе жатқанымен, халық саны көп Ыстамбұл, Анкара, Измир сынды ірі қалалардағы үміткердердің даусы жағдайды біраз өзгертуі мүмкін. Өйткені Қылышдароғлының бұл қалалардағы танымалдығы басым. Атап айтатын болсақ, Ыстамбұлда 16 миллион, ел астанасы Анкарада және Измир қаласында 10 миллион адамнан тұрады. Сол себепті дауыс анауда шешуші рөл атқарады. Қазірге дейін 45 миллиондай дауыс саналған.
Бұл тіркелген сайлаушылардың жалпы санының үштен екісін құрайды.
Түркия Жоғары сайлау кеңесі сайлаудың алдын ала нәтижелерін түнде жариялауды жоспарлап отыр. Ал соңғы нәтижелер 19 мамыр күні ресми басылымдарда жарияланатын болады.
Ал Парламенттік сайлауда дауыстардың 95 пайызын санау нәтижесі бойынша Ердоған басқаратын «Әділет және даму» партиясы алда келеді.