ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі – ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіш қаңтар оқиғасы бойынша неге жауапқа тартылмағанын айтты.
«Cамат Әбіш қайда? Ол неге жауапқа тартылмады?», деп сұрады журналист Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.
«Бұл сұраққа жауабым қысқа болады. Сұраққа жауапқа беруге құзыретім жетпейді. Құқықтық бағаны құқық қорғау органдары, Бас прокуратура берді. Іс бойынша тергеуді ведомствоаралық жедел тергеу тобы жүргізді», – деді төраға орынбасары.
Сондай-ақ ол Самат Әбіштің қазір қайда екенін білмейтінін айтты.
«Білмеймін. Пікір білдіре алмаймын. Ол кісі жұмыстан кетіп қалды. Қателеспесем, Самат Әбіш жұмыстан ақпанда шықты. Ол (Самат Әбіш – ред.) Қазақстанда шығар, Қазақстан азаматы ғой. Біз оны бақыламаймыз», – деді Марат Қалқабаев.
Айта кетейік, бұған дейін Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.
Жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.
ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.