Жаңалықтар

9 ұлттық жобаның жетеуінің тиімділігі төмен – Жоғары аудиторлық палата

Фото: kursiv.media

Жоғары аудиторлық палата Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептің қорытындысын шығарды.

Есепке сенсек, халықтың әл-ауқатына елдегі макроэкономикалық жағдай өз әсерін тигізген. Мәселен, ақшалай табыс азық-түлік тауарларына көп жұмсалатын болған.  Бұл көрсеткіш 41%-дан 60%-ға дейін көтерілген. Сонымен бірге орташа тағайындалған зейнетақының орташа жалақыға қатысты үлесі 29% құраған. Ал халықтың тұрғын үй сатып алу үшін жинақтау қабілеті өте төмен екені анықталған, оның мерзімі шамамен 11-15 жылды құрайды. Халықтың денсаулық сақтауға жұмсалатын жеке шығыстарының деңгейі 30%-дан көп екен. Сонымен бірге халыққа кәсіпкерлік емес мақсаттарға берілетін кредит көлемі 1 жылда 30%-ға артқан. Осы жағдайлар елдегі экономикалық ахуалға өз әсерін тигізген.

Үкімет осыларды ескере келе, әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында инфляцияның өсуіне байланысты, әлеуметтік төлемдерді индекстеді. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асырып, 3 млн-нан астам адамның жалақысын көтерген. Тамақ пен жеңіл өнеркәсібін, химия өнеркәсібін, машина жасау, фармацевтика, мұнай өңдеу салаларына қатысты 160 жаңа өндірістік объектіні пайдалануға беріп, 583 мың жаңа жұмыс орнын ашқан.  Экономикаға 28 млрд АҚШ долларына инвестициялар  тартылып, елге 24 шетелдік ірі  компания келген.

ЖАП қорытындысында сонымен бірге мелекет бекіткен тапсырмаларды жүзеге асырудағы олқылықтар да қамтылған. Құжатта  мемлекет басшысы қойған барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшу міндетіне қол жеткізілмегендігі көрсетілген.

Атап айтқанда, 9 ұлттық жобаға 8,1 трлн теңге бөлінген. Палатының бағалауы бойынша бұл 9 ірі  жобаның 7-інің тиімділігі төмен. Сонымен бірге жергілікті атқарушы орган мен орталық мемлекеттік орган арасында іс-шаралардың қаржыландырылу көлемі мен орындалуы бойынша деректердің бір-біріне қайшы келу жағдайы көп кездескен. Мысалы «АӨК-ті дамыту» ұлттық жобасы аясында «Жаңа бақтар отырғызу» көрсеткіші бойынша  жоспар – 2,2 млн гектарға есептелгенімен, іс жүзінде 350 гектар ғана қамтылған екен.