МӘМС жарнасын қайтару халықаралық тәжірибеде жоқ – Медициналық сақтандыру қоры

Жарияланды
осмс
Фото: Асқар Ахметуллин

Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов бір жылда емханаға бармаған азаматтарға медициналық сақтандыруға кеткен қаражатының жартысын қайтарып отыру керектігін айтып, депутаттық сауал жолдаған. Медициналық сақтандыру қоры депутаттың бұл сауалына қатысты жауап берді.

Қор өкілдері медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда МӘМС жарнасын қайтару халықаралық тәжірибеде жоқ екенін айтады. Медициналық сақтандыру қоры мұндай тәсіл халықты қаражатының бір бөлігін қайтару үшін ауырып тұрған кезде де медициналық көмекке жүгінбеуге итермелеу мүмкін деп санайды.

«Осының салдарынан жедел, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулар көбейіп, халықтың денсаулығы тым нашарлап кетуі мүмкін. Сонымен қатар күрделі әрі ауыр жағдайдағы ауруларды емдеуге мемлекет кепілдік береді. Бұл мемлекеттік бюджетке қосымша жүктеме түсіреді әрі тікелей салықтарды көбейтуді талап етеді. Халықаралық тәжірибеде мұндай тәсілдер қолданылмайды», делінген хабарламада.

Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа сауал жолдады. Онда депутат МӘМС жүйесінде олқылықтадың көп екеніне тоқталып, медициналық көмекке жүгінбеген азаматтарға бір жылда жиналған қаражатының жартысын қайтару туралы ұсыныс айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Медициналық сақтандыру қорының аймақтық филиалдарының қызметіне аудит жүргізуді тапсырған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз