Фото: kursiv.media
Қаржы нарығының сарапшылары инфляцияның баяулағанына қарамастан, Ұлттық банк мамыр айында базалық мөлшерлемені сол күйінде қалдырады деп болжайды. Бұл жайлы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жазды.
ҚҚҚ аналитика орталығы 2023 жылдың мамыр айына қатысты зерттеу жүргізген. Онда кәсіби қаржыгерлер, банк, сақтандыру, брокерлік сектордағы қаржы нарығының сарапшылары арасында сауалнама жүргізілген.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті сатылымдағы валюталық түсімдерімен қатар Ұлттық қордан шетел валютасын сату (мамырдағы көлемі шамамен 1 млрд доллар) және мамыр айындағы салық кезеңі – ұлттық валюта айырбастауға сыртқы факторлардың жағымсыз әсерін ішінара жеңілдетуі мүмкін.
Сарапшылар маусым айының басында АҚШ долларының бағамы бір долларға шаққанда 452,0 теңгені (қазіргі уақытта 448,8) құрайды, ал бір жылдан кейін, бір доллардың құны 476,4 теңгеге дейін өсуі мүмкін деп болжайды. Яғни, қазіргі бағамнан +6,1% көтеріледі.
Ал осы жыл ішінде қаржы нарығының сарапшылары мұнай бағасының ағымдағы мәндерден +13 пайызға өсуін болжаған. Алайда олардың тауар нарығындағы бағаларға деген болжамы күткендей болмады. Бір ай бұрын мұнай бағасы барреліне 86,1 доллар шамасында күтілген болса, қазіргі болжам бойынша ол 84,1 доллар көрсеткішінде тұр. Мамыр айының басынан бері мұнай бағасы -7% дейін төмендеді. Сонымен бірге АҚШ пен Қытайда шикізатқа сұраныс азаяды деп күтілген болатын.
Сонымен бірге сауалнамаға қатысушылар алдағы 12 айда ресейлік валютаның 12%-ға төмендейтінін болжаған. Сарапшылардың болжамынша рубльдің бір долларға шаққандағы құны 87,1 рубльге дейін әлсіреуі мүмкін. Бұған геосаяси тәуекелдердің сақталуы мен ЕО санкцияларының 11-ші пакеті әсер ететіні анық. Оған қоса, Ресей Федерациясының сауда профициті айтарлықтай төмендеп, шетелдік компаниялардың ресейлік бизнестен кетуі де, рубльдің әлсіреуіне алып келеді деп күтіледі.
Қазақстанда жылдық инфляцияның күрт төмендеуіне өткен жылғы жоғары база мен ай сайынғы ТБИ-нің (екінші ай қатарынан +0,9%) қалыпты өсуі әсер еткен. Сонымен қатар жоғары пайыздық мөлшерлеме саясаты және сыртқы дезинфляция да инфляциялық болжамдардың төмендеуіне себеп болған. Сарапшылардың мамыр айындағы болжамы бойынша, бір жылда елдегі баға өсімі 12,6% құрауы мүмкін. Бір ай бұрынғы болжам бойынша ол 14,4% деңгейінде болған.
26 мамырда Ұлттық банкте ақша-несие саясаты жөніндегі кеңес өтеді. Алайда, қаржыгерлер ҰБ бұл болжамдар негізінде базалық мөлшерлемені төмендетпейді деп санайды. Сұралған сарапшылардың 79%-ы базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейде қалатынын айтса, 21%-ы төмендейтініне сенеді.
Ал ЖІӨ алдағы 12 айда 3,8%-ға дейін көтеріледі деп болжанып отыр. Ал бір ай бұрын бұл көрсеткіш 3,6% көлемінде болады деп күтілген еді. ЖІӨ көтерілуіне қазіргі күні 73,5 доллар деңгейінде тұрған мұнай бағасының өсуі себеп болады.