Ұлттық банк жыл басынан бері теңгенің нығаюына әсер еткен факторларды атады

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Жыл басынан сәуірдің соңына дейін теңгенің долларға қатысты бағамы 1 доллар үшін 453,21 теңгеге дейін жетіп, 2,0%-ға нығайды. Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.kz.

Айтуынша, бейрезиденттерге тиесілі салымдардың көлемі жыл басынан бері 126 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл жыл басынан бері ұлттық валютаның нығаюына әсер етті.
Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасының орынбасары теңгенің нығаюына әсер еткен бірнеше факторды атады.

«Біріншіден, Қазақстан мемлекеттік бағалы қағаздарына шетелдік инвесторлардың ағыны байқалады. Бейрезиденттердің салымдары көлемі жағынан жыл басынан бері 126 млрд теңгеге ұлғайды.

Екіншіден, қаңтар-сәуірде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 1,3 млрд АҚШ доллары сомасына валюталық түсімді сатуы және ҰҚ-дан республикалық бюджетке 2,1 млрд АҚШ доллары мөлшерінде трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сатуы теңгеге қолдау көрсетті», – деді Виталий Тутушкин


Айтуынша, қысқамерзімді перспективада теңге динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.

«Ұлттық Банк теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстанады», – деді Тутушкин.

Айта кетейік, ақпанда теңге шамамен 3,2%-ға нығайды. Ұлттық банк валюта нарығына квазимемлекеттік компаниялардың сатылымы да қолдау көрсеткенін мәлімдеді


Ал сәуірде Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларына тең валюта сатылған.

Сондай-ақ оқыңыз