Фото: shutterstock.com
Ғылымдағы басшылар қартайып жатыр. Бұл туралы мәжілістегі Үкімет сағатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
«Қазір ғылыми кадрлардың саны – 22 456 адам. Ғылыми зерттеушілердің 37%-ы ғылыми және академиялық дәрежеге ие. Бұл көрсеткіш жоғары емес. Ғылымдағы жастарға келсек, жағдай жаман емес. 35 жасқа жейін жас ғалымдардың үлесі – 34%, негізгі топ – 43% (35-54 жас аралығындағы ғалымдар), 55 жастан жоғары ғалымдар – 23%. Бірақ ғылыми зерттеу институттарының басшылығына келсек, мұнда басшы кадрлардың қартаюын байқап отырмыз. Ғылыми зерттеу институттары басшыларының орташа жасы – 59 жас», – деді Саясат Нұрбек.
Елдегі академиктердің орташа жасы – 69 жас.
«Қазір 414 ғылыми ұйым бар. Олар – гранттық жобаларға және ғылыми зерттеу және ғылыми зерттеу жұмыстарын атқарып жатқан ғылыми ұйымдар. Мемлекеттік сектордың, яғни бізге бағынатын ұйымдардың саны – 26%. 2015 жылы «Коммерциаландыру туралы» заңды қабылдағаннан кейін өсім – 43%болды, яғни олар кәсіпкерлік-жекеменшік сектор ұйымдары», – дейді министр.
Айтуынша, қазір бизнес ғылыми зерттеу жұмыстарына бет бұра бастады.
«Ғылыми зерттеу институттарына келсек, қазір жалпы мемлекеттік органдардың, ведомствоаралық бағынысты ұйымдардың саны – 104. Оның ішінде нақты 92 ғылыми және іргелі ғылым институты бар. Ең үлкен пайыз Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиесілі – 33%», – дейді Саясат Нұрбек.
Жалпы бірнеше ведомствоға қарайтын Денсаулық сақтау министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Мәдениет және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Сауда және интеграция және тағы басқа ғылым институты бар.
«Ең көп қаржыландыруды алып отырған – ДСМ мен АШМ ғылыми зерттеу институттары. Биыл оларға 19 миллиардқа жуық теңге, ал Денсаулық сақтау министрлігінің институттарына 35 миллиардқа жуық теңге қарастылған», – деді министр.