Тимур БЕКТҰР, IT сарапшы: «Егер адамдар сауатсыз болса, онда жасанды интеллект олардың орнын басады» 

Жарияланды

Фото: Жеке архивтен

Кейінгі жарты жылда жасанды интеллект тақырыбы қоғамда қызу талқыланып жүр. Мүмкіндігінің күшіне таң қалудан басқа шара жоқ. Уақыт алға жылжыған сайын дамыған нұсқалары шығып жатқаны тағы бар. Бұл технологияның дамуы туралы болжам жасау неліктен қисынсыз? Ғалымдар жасанды интеллект 300 млн жұмыс орнын жояды деседі. Бұдан қорқу керек пе? ChatGPT сапалы қазақша сөйлеуі үшін біз не істей аламыз? Осы тақырыпты белгілі IT сарапшы Тимур Бектұрмен талқыладық.

  • Нейрон желілері жайлы жан-жақта жазылып, айтылып жүр. Дамуына қатысты ғылыми-технологиялық болжамдар да жасалады. Сіз қандай болжаммен келісесіз?
  • Шыны керек, қазір фантастикалық болжамдар айтылмайды. Тіпті ол «баланың әңгімесі» деп саналады. Қазір реал болжамдар ғана жасалады. Нейрон желілері — адамның ойлау жүйесімен аналогия жасалып, соның бағытында дамып жатқан технология. Адам қай кезде қате, қай кезде дұрыс шешім қабылдайды, эмоция деген не, жасанды интеллект ойлана ала ма — осы сынды сана деңгейіндегі әңгіме жүріп жатыр. Яғни «болашақта жасанды интеллект айға ұшады, көмір қазады» дегендей болжам емес, оны қалай қауіпсіз, этика тұрғысынан ізетті етуге болады деп көбірек ойланып жатыр. ChatGPT шыққан кезде оны болашақта қалай қолдануға болатынын тіпті жасаушылардың өзі білмеген деуге болады. Бірақ қолданысқа енген жарты жылда АҚШ әлемі оның мүмкіндігін әлі айтып тауыса алмай жатыр. Сондықтан қандай да бір болжам жасау қисынсыз дер едім. Жасанды интеллектінің «өкіл әкесі» деп айтылатын Джеффри Хинтон бірер апта бұрын Google-дағы жұмысынан шығып кетті. Ол өзі жасап шыққан технологияның соншалықты қуатты болғанына таңғалып жатыр. Демек, жасаушылардың өзі болжам жасай алмайды. Қазір «бүгін-ертең не он жылдан кейін мынадай болады» деп айтып, күлкіге қалуыңыз мүмкін. Қазір ChatGPT-тің келесі бір сатысы — AutoGPT туралы айтыла бастады. Яғни бір сұрақ жазсаңыз болды, өзі шығарып береді. Ал осыдан алты ай бұрын ол туралы ойладық па? Осыдан соң ChatGPT құдды ескіргендей болып қалды. Былай қарасаңыз, ол — су жаңа технология.
  • Адам сенгісіз болжам боп көрінгенімен, көпшіліктің «жасанды интеллект адамның орнын басуы мүмкін бе? деп ойлауы заңды секілді. Еңбек нарығындағы ахуал қалай өзгеруі мүмкін?
  • Бұл тақырыпта пікірталас көп. Жақында ғана Стенфорд университетінің Stanford AI Report деген материалы жарық көрді. Жасанды интеллектінің еңбек нарығындағы үлесі туралы айтылған. Айталық, 300 млн жұмыс орнын жояды деседі. Әрине, статистика, сандар шегеленіп қойған дүние емес. Бірақ осындай сандар айтылып жатыр. Есесіне, тағы сол 300-600 млн жұмыс орнын әкелуі мүмкін. Еңбек нарығындағы дүмпуі қатты болады. «Жасанды интеллект адамның орнын баса алмайды. Бірақ оны қолданатын адам қолданбайтын адамның орнын басады» деген әмбебап сөз жиі айтылады. Смартфон қолданбайтын, компьютерді пайдалана алмайтын журналист пен технология тілін жақсы түсінетін журналисті салыстырсақ, кім жылдам? Бастапқыда телефон шыққан кезде де «адамның орнын басады» деген қорқыныш болды. Дегенмен ол жағдайды жақсартты. Жасанды интеллект те дәл солай. Ғалымдар «егер адам сауатсыз, топас болса, онда жасанды интеллект оның орнын басады» дейді. Ал енді ерттеп міне алса, онда баса алмайды деген сөз.
  • Жасанды интеллект — дәл қазір нағыз мейнстрим. Мұны уақытша хайп деуге бола ма?
  • Ең алдымен мынаны түсініп алайық. Жасанды интеллект — жаңа технология, жаңа зерттеу аясы не жаңа термин емес. Сонау Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан бері айтылып келе жатыр. Кез келген технологияның дүмпуі яки амплитудасы болады. Біздің заманымызбен салыстырып айтатын болсақ, осыдан он шақты жыл бұрын блокчейн технологиясы туралы жан-жақтан айтыла бастаған еді. Оның қандай керемет екені, күнделікті өмірімізге тигізетін пайдасы, қазіргі орталықтандырылған жүйелерге қарсы балама ретінде қолдануға болатыны жайлы айтылып жүрді. Әрі соның негізінде криптовалюталар жасалып, биткоин пайда болып, еселеп қымбаттай түсуінің соңы блокчейн технологиясының дүмпуіне әкелді. Байқасаңыз, қазір блокчейн технологиясы жөнінде сол саланы меңгерген мамандар, не соның айналасында кәсіп жасап жүргендер болмаса, бұрынғыдай мейнстрим болып, көп талқыланып жатқан жоқ. Өйткені ол толқын өтіп кетті. Келесі бірі — осыдан 2-3 жыл бұрын болған жағдай. Facebook корпорациясы Meta болып өзгеріп, миллиардтаған қаражат аударылды. Осылайша Цукерберг көпшіліктің алдында «енді біз Мета әлемді дамытамыз» деп хабарландыру жасады. Содан соң көпшілік жалпы Metaverse жайлы, ол жерде қалай ақша табуға болатынын қызу талқыға салды, ақпарат жинады. Арада уақыт өтті — қызуы басылды да қалды. Қай тақырып талқыланып жатса, соған сай стартаптар шығады. Алдымен блокчейн, одан соң мета әлем дегендей. Амплитудасы төмендеп, хайп бітіп еді — ол тақырыпты сол сала мамандары ғана қозғайтын болып қалды. Дегенмен осылай тынышталып қалған кезде сонымен айналысып жатқандар дүмпу қайта көтерілген кезде жасаған дүниелерін жарыққа шығарады. «Біз VR саласында осындай жетістікке жеттік» деп қуана хабарлағанда көпшілік қайтадан айта бастайды. Нейрон желілері — жасанды интеллектінің бір бағыты яки бөлігі. Ол да өз амплитудасымен өмір сүріп келе жатыр. Әу басында бұл «адамның жұмыс істеу, ойлану, әрекет ету, шешім қабылдауына симуляция жасай аламыз ба?» деген ойдан басталған. 1970-1980 жылдары халық жасанды интеллект жайлы білген жоқ. Бірақ жалпы алғанда бұл тақырыптағы «хайп» зерттеушілер арасында басталған. Кейін бір ғалымдар нейрон желілерінің іске аспайтынын, концепцияның қате екенін айтты. Содан біраз уақыт тақырып жабулы күйде қалған еді. Технологияда тыныштық кезін «winter», яғни «қыс» дейді. Ал дүмпу қатты соғып тұрған кез «жаз» деп сипатталады. Қазір жасанды интеллектінің жазғы маусымы ашық. Осы уақытта жан-жақтан сол тақырып айтылады, жазылады. Ақша көп бөлініп, зерттеу көбейеді. Халық жақсырақ біле бастайды. Демек, қоғамда neural network жайлы енді айтылып жатқанымен, бұл — ғалымдар мен зерттеушілер арасында бұрыннан талқыға салынып келген тақырып.
  • Әр технология пайда болған сайын, қарапайым халық бұдан асқан ештеңе шыға қоймас деп ойлайды. Бірақ даму бір орнында тұрмайды. Жасанды интеллектінің алдағы алатын бағыты жайлы не ойлайсыз?
  • Кез келген технологияның дамуы негізінде өте қарапайым, үш-ақ парадигма бар. Ол: кез келген дүние қазіргі жасалған түрінен тезірек болса, арзанға түссе және сапалы жасалса. Экономикалық, ғылыми-зерттеу бағыттарының қайсысы болсын осы парадигмалар аясында жұмыс істейді. Нейрон желілеріне қатысты айтсақ, болашақтағы негізгі бағытын анықтағанда қайсысы жедел, сапалы, арзан болса, соны дамыту барлығының көкейінде жүр. Мысалы бірінші бағыт — архитектурасы. Көпшіліктің аузында жүрген ChatGPT-ді алсақ, оның негізгі архитектурасы — трансформер. Ол болса, осыдан біраз жыл бұрын ғылыми-зерттеу материалдарында жарияланған. Бізге көрініп тұрғаны нәтижесі ғана. Мәселен осыған дейін жасанды интеллектіні ірі корпорациялар қаржыландырып, солар ғана нәтижесін көріп, өз өнімдері арқылы ұсынып келді. Айталық, Netflix-тен фильм қарап отырдыңыз. Ол біткеннен кейін қандай фильм көруге болатынын Netflix-тің жасанды интеллектісі жасақтайды. Сол сияқты YouTube-тегі плейлисіңіздің жанында ұсыныстар шығып тұрады. Осының бәрін анықтайтын — жасанды интеллект. Яғни адамдар жасанды интеллектімен тікелей қарым-қатынас жасаған жоқ, оның қызметін ғана көрді. Ол қызметті компаниялар ұсынды. Ендігі даму бағыты — жасанды интеллектінің қарым-қатынасын адаммен тікелей байланыстыру. ChatGPT санаулы айдың ішінде 100 миллион қолданушыға қол жеткізгені — өте жоғары көрсеткіш. Әлемдегі ең заманауи әлеуметтік желі саналатын TikTok-тың өзіне мұндай көрсеткішке жету үшін тоғыз ай қажет болған еді. Мұның себебі неде? Себебі жасанды интеллектімен адамды тікелей байланыстырды. Қарқынды түрде белең алғаны сондықтан. Одан кейін жасанды интеллектінің нәтижесін көріп жатқанымызбен, мұнда жатқан мәселе көп. Оның ішінде этика, заң, қате ақпарат, нәсілшілдік деген сынды мәселелер бар. Негізгі бағыт сол — жасанды интеллект адам бақылауынан шығып кетпей тұрғанда кем-кетіктерді жою. Нейрон желілерінің келесі даму бағыты деп өзін-өзі үйретуге көшсе дейді. Технология тілінде lаbeling, яғни «мәліметтерді белгілеу» дейді. Қазір мәліметтерді адамдар өзі белгілеп жүр. Соны енді жасанды интеллект өзі белгілей алатындай болса, қалай болады деп жатыр.
  • Алдыңғы қатарлы, дамыған елдермен Қазақстанды салыстырмау керек деп жатады. Дегенмен бізде жасанды интеллектіні кәдеге жарату, пайдаға асыру жұмыстары жүріп жатыр ма?
  • Байқағаным, біздің қоғам даму деп технологияны ойлайды екен. Әрине, даму екені сөзсіз. Дегенмен ол  — оның ілеспе пайдасы. Яғни даму дегеніміз технология емес, ол — адам санасының дамуы. Айталық, сізде iPhone болса, ол сіздің дамып кеткеніңізді білдірмейді. Harvard университетінің небір профессорлары бар — кнопкалы телефон ұстайды. Осыдан шығатын қорытынды: технология адамды дамыта ма, жоқ па? Айтқым келгені — даму технологияны иемденумен, сатып алумен өлшенбейді. Демек, интернет болса болды, дамыған елдерге жетіп аламыз деуге болмайды. Ол үшін сана өсуі керек. Жоғарыда айтқан парадигма осында да сәйкес келеді. «А нүктесінен В нүктесіне қалай тез, арзан және сапалы жетуге болады?» деген сұраққа айналып келеміз. Даму деген осы. Саналық дамуды технология алғандай сатып ала алмаймыз.
  • ChatGPT жайлы сұрамасақ болмас. Жасанды интеллект және қазақша контент арасында мықты коннект болуы үшін не істеуіміз керек? Сапалы қазақшаны қалай үйретуге болады?
  • Жасанды интеллект аспаннан салбырап түспейді. Оның негізгі қорегі — мәліметтер қоры. Онсыз жасанды интеллект жұмыс істей алмайды. Жасанды интеллект пен қазақша контент арасында мықты байланыс болуы үшін мәліметтер қоры керек. Ал ол қор қайдан келеді? Әдетте, мәліметтер интернеттен келеді. Қазір кез келген тақырып бойынша ағылшынша, орысша, қазақша іздеп көрсеңіз, қазақшасының үлесі қандай болатынын бәріміз жақсы білеміз. Қазақ қоғамы қазақша контент жасамай, көбейтпей, орысша контент тұтынуды жалғастыра берсе, онда жасанды интеллект пен қазақ тілінің арасында байланыс әлсіз болады. Сондықтан ChatGPT қазақша сауатсыз, шалақабілетті. Өйткені интернеттен ақпарат жинаған кезде мәлімет аз. Әрине, уақыт өте келе жетілуі мүмкін. Бірақ «алма, піс, аузыма түс» деп күтіп отыруға болмайды. Қазақша контентті тез, қуатты түрде жасау керек.  Мысалы орыс, ағылшын тілді орта контентті қалай жасаса, біз де солай жасауымыз қажет. Ал қазіргі күйімізбен отыра берсек, дамуы кешеуілдей береді. Мысалы ағылшынша, орысша аудионы мәтінге айналдыратын технология осыдан он шақты жыл бұрын жасалып қойды. Біз болсақ, енді қолға алып жатырмыз. Себебі бізде data set әлсіз болды. Әрбір қазақ контент жасап, мәтін, аудио, видео түрінде интернетке жүктеуі керек. Бастысы, сапалы жасалуы қажет. Қазір ChatGPT қазақша сұраққа нашар жауап береді. Өйткені интернеттегі қазақ контенті калькамен аударылған, сапасыз жасалған. Жасанды интеллект «қазақтар осылай сөйлейді екен» деп ойлайды. Сапалы қазақшаны осылай ғана үйрете аламыз.
  • Америкалық ТОП университеттің бірі — Бостонда оқып жатырсыз. Ол жақтағы оқу бағдарламасына жасанды интеллект әбден сіңіп кеткен бе?
  • Америка — өте консерватив, дәстүр сақтағыш ел. Бізде кез келген нәрсені жаңартып тастауға құмар. Әрине, жаңартқан жақсы. Бірақ кейде тым радикал болып кетеміз. Бұлар керісінше — ғасырлар бойы тұрған дүниеге тиіспейді. Білім беру жүйесі де сондай. Біз секілді бүгін блокчейн, ертең VR деп алып ұшпайды, хайп қумайды. Әр амплитуда сайын желпінбейді. Әр технологияның өзегі жаратылыстану ғылымдарынан тарайды. Физика, химия, жоғары математика сынды ғылым жолы қалыптасқан пәндерді оқыта береді. Тек арасында қызық үшін кей технологияны сабаққа енгізуі мүмкін. Мысалы біздің университетте ChatGPT тақырыбы қызу талқыланды. Әсіресе, студенттер тапсырманы сол арқылы орындау белең алған соң. Плагиатқа бұл жақта қатты қарайды, оқудан шығарып жіберуі де ғажап емес. Кей профессорлар ChatGPT-ді плагиат деп қабылдады. Енді бірі қолдануға болады деді. Жалпы алғанда жасанды интеллектіні әбден сіңіп кеткен деуге келмейді.
    Сондай-ақ оқыңыз